Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері атқарылған істі жіпке тізді. Сырт көзге аталған органның жұмысы көрінбейді. Алайда, “үй сыртында” жазадан қорықпайтындар баршылық. Солармен күрес күн-түн демей жүргізіліп жатыр. Мысалы, биыл шенділер шалқадан түсірер шығынға жол бермеді.
МАКСИМ ПАХНО, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары:
– Жабдықты сатып алу және “Солнечный-2” ықшам ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру бойынша жұмыстарды орындау кезінде негізсіз бюджеттік шығындардың тәуекелдері анықталды. Қалалық әкімдікке және мердігер ұйымға заң бұзушылықтарды жою және орындалған жұмыс актілерін жарамсыз деп тану қажеттігі туралы хабарлама жіберілді. Бізбен көрсетілгеннің барлығы толық көлемде орындалды. Осылайша, 1,3 млрд теңге көлемінде қазына қаржысы орнында қалды.
Департамент өңірдің білім беру саласында да талдау жүргізіпті. Нәтижесінде мекемелердің жоғарылатылған бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алатындығы анықталған. Яғни, “көлеңкелі экономика” түсінігі Әліппе кітабы ашылып, құқық сабағы өтетін оқу орындарда да бар.
МАКСИМ ПАХНО, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары:
– Өткен жылмен салыстырғанда картопты сатып алу бағасы 48 пайызға төмендетілді. Былтыр көрсеткіш 250 теңге болған. Биыл 130 теңгені құрайды. Айтарлықтай айырмашылық сәбіз және пияз бойынша да тіркелді. Жүргізілген жұмыстар Петропавл қаласы мен облыстың 13 ауданындағы 454 орта мектепте бюджеттік шығындарды қысқартуға, 458 мектепке дейінгі мекемеге қарасты 17 мың ата-ананың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Баспасөз конференциясы барысында департамент бастығының орынбасары Максим Пахно құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымымен күрес бағытындағы деректерге тоқталды.
Байболат Құлтанов