Sailau banner

Денсаулық сақтау

Өңірдегі ең жас ана – 14-те

10 жасөспірім қыз түсік жасатқан, 8-і ана атанған, әлі есепте 7-еуі тұр. Бұл – жалпы Қазақстанға емес, тек өңірімізге қатысты сұмдық статистика. Ерте жыныстық қатынасқа түсу – қазіргі таңдағы өзекті проблеманың бірі. Болашақта бесік тербетеді деп сеніп жүрген бұрымдылар аузынан ана сүті кеппей дәрігерлердің есігін жағалап жүр. Қыздардың құлағына алтын сырға, үлкен өмірге бала күннен аяқ басу салдарынан қауіпті ауруларға шалдығуға болады.

МАРИНА ТИМОФЕЕВА, СҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші, гинеколог-дәрігер:

– Біріншіден, ерте жыныстық қатынасқа түсу денсаулыққа өте зиян. Себебі, қыздардың ағзасы 18 жастан кейін ғана толықтай жетіледі. Қоғамда байқаусызда жүкті болып, түсік жасатып жатқандар баршылық. Ал түсіктің арты неге әкеліп соғатынын барлығы бірдей ұғына бермейді. Баладан медициналық жолмен құтылу арқылы болашақта сәби сүймеу қаупі бар, одан қалды жатырдағы миома және эндометриоз сынды ауруларға ерте шалдығу ықтималдылығы жоғарылайды.

Құмарлық және сауатсыздық. Осылардың кесірінен қыздар аяғын шалыс басып жатады. Мұндайда әй дейтін әже, қой дейтін қожа қажет. Мектепте және үйде ұстаздар, ата-ана қауіп жайлы ескерткені абзал. Оңбай опық жегенше, он минут тілдескен әлдеқайда жақсы.

МАРИНА ТИМОФЕЕВА, СҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші, гинеколог-дәрігер:

– Өкінішке қарай, біз кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа түсуіне тұсау сала алмаймыз. Бірақ, статистиканы төмендетуге мүмкіндік бар. Мұндай тақырыпқа жасөспірім шақта балалар қызығушылық танытады. Міне, осы орайда дұрыс мәлімет керек. Көшедегі адамдардан, интернеттен ақпар алғанша, ұл-қыздар жақындарымен тілдескені дұрыс. Осындай тәсіл пайда береріне маман ретінде сенімдімін.

Шалқадан түсуге болады, өңірдегі ең жас ана – 14 жаста. Ол толғақ қысқанша дейін екі қабат екенін білмеген. Мектептегі, үйдегі айтылғанды бойында қан тулаған жастар елемеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда қорғану шаралары бар. Ұлы сөздің ұяты жоғын ұмытпайық…

МАРИНА ТИМОФЕЕВА, СҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші, гинеколог-дәрігер:

– Жас қыздар аңқау, аңғал болады. Олар жыныстық қатынасқа түсер алдында дәрі ішуге, мүшеқапты қолдануға болатындығын білмей жатады. Махаббаттан немесе қандай да бір заттардан бастары айналып, орны толмас өкінішке жол бергендерін кеш түсінеді. Ал жігіттер көбіне жауапкершіліктен қашып, қыздарды тастап кетеді.

Таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық. Бұл тақырып қозғалса жалғыз қыздарды жерден алып, жерге салудың қажеті жоқ. Еліткен ерлер де айыпты екенін білу керек.

 

Мәдина Қаби