Sailau banner

Білім

Кәсіпкер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін жандардың қолынан келмейтіні жоқ. Бүгінде өңіріміздегі бизнес саласында жүрген бұрымдылар аз емес. Нәзікжандылар сұлулық салондарын, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығаратын және т.б. цехтар ашып, кәсіптерін дөңгелетуде. Кеше Достық үйінде іскер әйелдердің қатысуымен іс-шара өтті.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:

– Жеке кәсіп ашып, оны ары қарай дөңгелету оңай емес. Менің ойымша, жеке кәсіп ашқысы келетін әйелдер өзінің алған бағытын жете түсінуі қажет. Ол өндіріс болсын, қызмет көрсету саласы болсын бағыт-бағдарды айқындап алған дұрыс. Көп жағдайда кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен бейхабар болып жатады. Сондықтан, нәзікжандыларға жан-жақты ізденулерін сұраймын.

Шараға кәсібін дөңгелетіп отырған және енді бастайын деп жатқан қыз-келіншектер қатысты. Жетістікке жеткен нәзікжандылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиында кәсіпті енді қолға алған бұрымдыларға құқықтық кеңес берілді. Зарина Мавляни – тігінші. Еңбек жолын 10 жыл бұрын бастаған. Базарлардың бірінбе өзінің дүңгіршегі бар. Басты мақсаты – алдағы уақытта үлкен сауда орнын ашу.

ЗАРИНА МАВЛЯНИ, жеке кәсіпкер:

– Бір-бірімізге көмектесуге әрдайым дайынбыз. Мұндай жиындар көп өткізілсе деймін. Себебі, білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Бас қосу арқылы көп нәрсе үйренеміз. Мен өзім қазақы киімдер тігумен айналысамын. Түрлі ою-өрнек арқылы әрлеймін. Дайын болғасын жалға беремін. Алатын адам көп. Тиісінше, табысым жоғары.

Бас қосуға барлығы – 20-ға жуық қыз-келіншек қатысты. Осы сияқты жиындар биыл 7-ші рет өткізіліп отыр.

 

Нұрасыл Ахмет