Sailau banner

Спорт

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Петропавлға оралды

Мына видео жуырда ғана Иордания астанасы Амман қаласында өткен әйелдер күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында түсірілген. Бозкілемде – петропавлдық Анна Стратан мен қытайлық қыз. Қазақстанның үкілеген үміті қарсыласын қалпақпен ұрып алды. Жалпы, бұл дода жерлесіміз үшін сәтті аяқталды. Ол байрақты бәсекеде қола жүлдені қоржынға салды. Кеше төбемізді көкке жеткізген спортшымыз Петропавлға келді. Оны Спорт сарайында дүйім жұрт қуанышпен қарсы алды.

АННА СТРАТАН, әйелдер күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері:

– Бірінші айналымда қытайлық спортшыны 10:0 есебімен жеңдім. Оңай болған жоқ. Бірақ, күрес барысында қарсыластың осал тұсын тауып, басым түстім. Одан кейін ресейлік қызды ұттым. Ал үшінші кезеңде Үндістан өкілінен ұтылдым. Белдесу 8 де 4 есебімен аяталды. Қола медаль үшін Грекия елінің спортшысымен бақ таластырдым. Қуанышыма орай, елге жүлде сыйладым.

Айта кетерлігі, Анна жан-жақты дамуға бар мүмкіндік жасалған қаланың қызы емес. Ол ауылдың топырағына аунап, қырында көбелек қуған ару. Мамлют ауданына қарасты Меңкесердің тумасы. 17 жастағы палуан биыл мектеп бітірді. Петропавлға оқуға түсті. Болашағынан зор үміт күттіретін бозкілем шеберінің ең алғашқы бапкері – Руслан Дәулетов.

РУСЛАН ДӘУЛЕТОВ, Анна Стратанның жеке жаттықтырушысы:

– Аннаны екінші сыныптан бастап жаттықтырамын. Меңкесер ауылында Мәдениет үйі салынған. Сол мекеменің спорт залында дайындаламыз. Қазір үйірмеде 35 қыз әйелдер күресімен айналысады. Аннаның көзіндегі отты бірден байқадым. Айтқанды тез ұғып алады. Осы қасиетінің арқасында биіктен көрініп жүр. Оның жеңісі – күллі ауылдың жеңісі!

Анна Стратанның арманы асқақ. Ол Олимпиада шыңын бағындырғысы келеді. Сәтін салса, жерлесімізді 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес төрінде алтын жүлдемен көреміз.