Sailau banner

Қоғам

Заңгер Павел Афанасьев: Конституцияға үнемі өзгеріс енгізілуі тиіс

Петропавлдық Павел Афанасьев – Қазақстан Республикасының Конституциясын бес саусақтай білетін азамат. Ол 9 тарауды, 99 бапты майшаммен қарап шыққан. Соның арқасында елге танымал заңгер атанып отыр. Бүгінде кейбір жандар Ата заңға өзгеріс енгізілгеніне қарсы. Ал жерлесіміз қарама-қарсы пікір ұстанады.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, заңгер:

– Менің ойымша, Конституция жұмыс құжаты болуы тиіс. Ол бүгінгі мәселелерді шешу кезінде ғана қолданылмауы қажет. Сонымен қатар, қоғамға пайда әкелу үшін болашаққа арнап әзірленуі керек. Бұл тұрғыда бізге енгізілетін өзгеріс қана көмектесе алады. Егер түзетулер мен толықтыруларға қол сілтей қарасақ, саяси маңызды құжат ескіріп, өзінің күшін көрсете алмайды. Тәуелсіз ел болғаннан кейін мұндайға жол берілмегені абзал.

Сәл өткенге үңілейік. Қазақстан Конституциясы екі мәрте жалпыхалықтық референдум арқылы түзетілді. Соңғысы 2022 жылдың 5 маусымы күні болды. Мұны ел әлі ұмытпауы тиіс. Бұл бастамаға Павел Афанасьев жоғары баға беріп отыр. Оның пікірінше, саяси маңызды құжаттың құрылуына халықтың араласуы – елдегі демократияның анық белгісі.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, заңгер:

– Петиция туралы заң қабылданды. Соның арқасында халық өздерінің шағымдарын, бұйымтайларын билікке жеткізе алады. Бұл үлкен өзгеріс дегім келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнге дейін 2 петиция болды. Бірақ, оның бірі де қабылданбады. Бізге еңсені түсіруге болмайды. Сонымен қатар, қылмыстық кодексте өзгерістер бар. Кейбір бағытта заң қатаңдатылды. Бұны өз басым қуана қабылдадым.

Сұхбат барысында қоғам белсендісі кем-кетік тұстарды да айта кетті. Олардың жүзеге асуы жан-жақты дамуға мүмкіндік бермек.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, заңгер:

– Бізде жергілікті өзін-өзі басқару реформасы әлі мәресіне жеткен жоқ. Мәслихатқа назар аударайық. Ондаға адамдардың басым бөлігінің өз жұмысы бар. Яғни, мәслихат қабырғасындағы іске аз уақыт бөледі. Бұлай болмауы тиіс. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқарудың өзіндік қаржысы жоқ. Бұл үлкен мәселе дер едім. Тағы бір орындалмай отырған жайт – қала және облыс әкімдерін халықтың сайламауы. Бұған да күн келген сияқты.

Жеке пікірін айта келе Павел Афанасьев айтылғанның барлығы күндердің-күнінде орындаларына сенеді. Белгілі заңгер сөз соңында халықты референдум сынды шараларға белсенді қатысуға шақырды. Айтпақшы, күзде Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты жалпыхалықтық сайлау өтеді.

 

Байболат Құлтанов