Петропавлдағы Абай мен Назарбаев көшелері қиылысатын тұста тағы да қарбалас. Мұнда кәріз коллекторы кезекті мәрте істен шықты. Айналаға жағымсыз иіс тарауда. Жауапты мамандар бұған қарамай тер төгіп жатыр. Оқиға орнына “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері келді. Аталған ұйымның бас инженері Андрей Фомиченконың сөзінше, апатқа тұрғындар себепші.
АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:
– Коллектордың өзі істен шыққанымен қосымша орнатылған сорғылардың арқасында жұмыс істеп тұр. Үйлерде су бар, тұрғындар тарапынан кәріз жүйесіне де мін тағылуы тиісті емес. Бүгін түнде құбырдың бір жері сыр берді. Оның бойы тұрғындар тастайтын шүберекке толып қалған. Нәтижесінде жоғары қысымға шыдай алмады. Мамандарымыз тазарту жұмыстарын жүргізді.
Бас инженердің жауабына күмәнмен қарағандар да болды. Андрей Фомиченко бірнеше адамды шүберек жиналған жерге апарды. Мұндай қалдықтың басым бөлігі таңертең қала сыртына шығарылыпты.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұқараның тағы бір базынасы – жертөлеге жиналған суды сорғызу. Бұл жерге ондаған адам келіп, өзінің өтінішін, шағымын білдіріп жатыр. “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері әрбір шағым, әрбір өтініш жерде қалмайтындығын айтты. Жауапты мамандар бүгіннен іске кіріспек.
Байболат Құлтанов