Sailau banner

Қоғам

“Мектепке жол”: 40 отбасыға оқу құралдары табыс етілді

Жаңа оқу жылының басталуына тура 1 апта қалды. Ал ассамблеялықтар көмекке мұқтаж отбасыларға көмегін арттырмаса, азайтпады. Олар кеше Достық үйінде «Мектепке жол» акциясы аясында тағы 40 отбасыны кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Көмек алып жатқан жанұялар – тасқыннан зардап шеккендер, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалар. Сергеенколар отбасы үшінші аталғанына жатады. Жанұяда 4 бала бар. Барлығы да мектепке барады.

ТАТЬЯНА СЕРГЕЕНКО, көпбалалы ана:

– Бізге көмек қолын созып жатқан жандарға алғымызды білдіреміз. Біз мұндай көмекті бірінші рет алып тұрған жоқпыз, жылда беріледі. Төрт балама да сөмке, қағаз, қалам, дәптер сияқты кеңсе тауарларын алдым. Сонымен қатар, жатарда жамылатын көрпе де берді.

Үстел үстіндегі заттардың барлығын ата-аналар тізім бойынша келіп, тез арада бөлісіп алды. Отбасыда неше бала болса, сонша балаға бір-бір құралдан берілді.

Бүгінгі шараға демеушілік етіп отырған – «Family Market» дүкені. Аталған киімдер дүкені мұндай акцияға 4-ші жыл қатарынан ат салысып отыр. “Қайырымдылық іс-шараларынан шетте қалмауға тырысамыз”,- дейді аталмыш дүкен директорының орынбасары Дамир Нуриев.

ДАМИР НУРИЕВ, «Family Market» дүкені директорының орынбасары:

– Қолымыздан келгенше барлығына көмектесуге тырысамыз. Жылда осылай балаларды мектепке дайындауға ат салысамыз. Тасқын кезінде де зардап шеккен жандарға көмектестік. Осы жолы да қайырымдылық іс-шарасына ат салысып, көмектескіміз келді. Халықтың ризашылығына бөленгеннен артық не бар?

Жалпы, акция тамыз айының 1-інен бастау алған еді. Нәтижесінде осы уақытқа дейін қалалық 120-ға жуық жанұяға көмек көрсетілді. Алдағы уақытта әлі де 60-қа жуық отбасыға көмек қолы созылады.

 

Мәдина Қаби