Қазақстан жаңалықтары

ҚР Үкіметінің отырысында “2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң жобасы ұсынылды

Қаржы министрі Мәди Тақиев атап өткендей, заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес елдің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бюджет параметрлері кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығы бойынша бюджет заңнамасында белгіленген ережелерге сәйкес келеді.

“2025 жылға түсімдер 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанады. Келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге сомасына кепілдендірілген трансферт тарту жоспарлануда. 2025 жылы бюджет тапшылығы 2027 жылға қарай ЖІӨ – ге 1,9% – ға дейін төмендей отырып, ЖІӨ-ге 2,7% деңгейінде болжанады”, – деп нақтылады Мәди Тақиев.

Қаржы министрлігінің басшысы 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығыстары 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғаюмен жоспарланып отырғанын және 25,8 трлн теңгені құрайтынын айтты. Бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр.

“Әлеуметтік салаға 2025 жылы 2024 жылға қарағанда 794 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге бағытталатын болады”, – деп толықтырды Мәди Тақиев.