Sailau banner

Қоғам

Имамдар мен теологтарға арналған оқыту семинары

Теріс діни ағымдардың алдын алу. Өңірге дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері келді. Білікті мамандар 2 күн бойы қала және аудан имамдары мен теологтарға өздерінің білген-түйгендерін үйрететін болады. Шараның өтуіне облыстық дін істері басқармасы ұйытқы болып отыр.

НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының бас маманы:

– Іс-шара мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өтуде. Басты мақсат – исламтанушылардың біліктілігін арттыру.

Қазіргі уақытта теріс діни ағымның арбауына түскен азаматтардың саны күн санап артып барады. Олар шетелге қашып немесе айналасындағы жандарға зиян келтіріп жатады. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін елімізде ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Оқыту семинары имамдарға арналып өткізілуі тегіннен тегін емес. Себебі, бұл жандарды да тыңдайтын адамдардың қарасы қалың. “Білімді имам дүйім жұртқа салиқалы әңгіме айтады. Ал дұрыс діни ілім алған адам теріс ағымның жетегінде кетпейді”,- дейді “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты Сүлеймен Асқаров.

СҮЛЕЙМЕН АСҚАРОВ, “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты:

– Мен масхабсыздық және оның қаупі жайлы айтатын боламын. Тағы да Ислам шариғатын түсінудегі қателіктер жайлы сөз қойғаймын.

Облыстық бейінді басқарманың өкілдері теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 1800-ге жуық іс-шара өткізген. Нәтижесінде 12 мың адам қамтылып, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған.

 

Нұрасыл Ахмет