Sailau banner

Спорт

Ардагерлер арасында шахматтан турнир өтті

Бүгін облыс орталығында Конституция күніне орай қалалық ардагерлер ұйымы мүшелерінің арасында шахматтан турнир ұйымдастырылды. Бейбіт Әбілев – сайысқа қатысып жатқандардың бірі. Ол замандастарымен шүйіркелесіп, соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Жарыстан жеңіспен қайтуға дәмелі ағамыз немерелерін де осы спорт түріне баулығысы келеді.

БЕЙБІТ ӘБІЛЕВ, турнирге қатысушы:

– Ардагерлер үйде отырмай, қолдары бос кезде шахмат ойнап, бір-бірімен әңгімелесу үшін осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Шахмат ең бірінші мидың бір орында тұрып қалмауына, ойды өрбітуге көмектеседі. Балаларымызға үйретеміз деп барлығын алып берген едік. Әзірге, жастары кіші болып тұр.

Бүгінгі жарыс – дәстүрлі түрде өтетін сайыс. Қуантарлық жайт, оған қатысатын адамдардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы. ұшқырлық пен табандылықты талап ететін шарада 20-ға жуық азамат бақ сынауда.

ЛИДИЯ ГРАБАРЬ, шахмат турнирін ұйымдастырушы:

– Біз қарттарымыздың дамып, әрқашан белсенді болғандарын қалаймыз. Шахматпен шектелмейміз. Алдағы уақытта тағы бірнеше іс-шара ұйымдастыратын боламыз. Қарттар бастамаларды қуана қабылдайды. Олар бірден келісіп, салауатты өмір салтын ұстанады.

Орын алған қатысушылар сыйлықсыз қалмайды. Чемпионға – 15 мың, екінші орынға – 10, ал үшінші атанған шахматшыға 5 мың теңге беріледі. Бұл – облыстық чемпионатқа іріктеу. Облыс біріншілігі қазан айында өтеді. Онда аудандардан үздіктер келмек.

 

Мәдина Қаби