Sailau banner

Спорт

Ұлттық ат спорты түрлерінен облыс чемпионаты өтті

Аттың құлағында ойнайтын солтүстікқазақстандық балалар Бескөлде бас қосты. Қызылжар ауданының орталығында ұлттық ат спорты түрлерінен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға аймақтың аудандарынан келген тақымы тастай 70 шақты жасөспірім қатысты. Олар көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу және бәйге сынды делебе қоздырар сайыстарда бақ сынады. Ауыздықпен алысқан жастардың біріншілігі жайдан-жай ұйымдастырылмайды. Жарыс қорытындысы бойынша болашағынан зор үміт күттірер балалар іріктеледі. Жүйрік әрі ыңғайға көнетін жылқылар да мамандардың бағасын алады.

ЕРЖАН МОЛДАБАЕВ, Ат және ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық БЖСМ директорының орынбасары:

– Бүгінгі спорттық жарыста 2007-2009 жылдар аралығындағы жасөспірімдер Қазақстан чемпионатына іріктеуден өтті. Сонымен қатар, 2011 мен 2013 жылдар аралығындағы жігіттер де сынға түсті. Спорт басқармасы және спорт мектептері қолдауының арқасында облысымызда ұлттық ат спорты дамып келеді. Біздің ипподромда “Құлагер” атты арнайы мектебіміз бар. Онда 200-ге жуық бала жаттығады. Араларында талантты жастар жетерлік.