Sailau banner

Құқық қорғау органдары

СҚО-да интернетте жасалған қылмыс саны өскен

Бұрын криминалдық полиция басқармасының өкілдері көбінесе мал ұрлағандарды, пәтер тонағандарды іздесе, қазір кабинеттен шықпай-ақ тер төгеді. Бұл жұмыстың жеңілдегенінің белгісі емес. Шаруа шаш етектен. Интернет-алаяқтар демалыс дегенді білмейді. Олар орайы келсе біреуді опық жегіздіріп, олжалы болуды көздейді. Өкінішке қарай, өңірдегі статистика қуантпайды. Жасалған қылмыс саны азаярың орнына күннен-күнге көбейіп жатыр.

МЕЙІРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Интернет-қылмыскерлер халықтың сенімділігін пайдалана отырып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдері мен схемаларын ойлап табуда. Мұндай қылмыскерлердің белсенділігі және қылмыстардың саны барлық жерде артып келеді. Осы жылдың басынан бастап облыс аумағында статистикалық мәліметтерге сәйкес 513 факті тіркелді (2023 жылы – 440).

Өзіміз жақсы білетіндей, қазір интернет-алаяқтықтың түр-түрі бар. Қулар қоғамдағы қандай да бір өзгерістерге байланысты да алдаудың жаңаша түрлерін шығарып жатыр. Одан қалды, халық дидарласқан Алдаркөселерге де сенуді қояр емес. Жақында сондай суайттың бірі Петропавлда ұсталды.

МЕЙІРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны облыс орталығының тұрғындарына онлайн-кредиттер ресімдеумен айналысқан, құқық бұзушының 16 эпизодты жасауға қатыстылығы анықталды. Ал Алматы облысының 32 жастағы тұрғыны пәтерлерді жалға алу туралы танымал сайттардағы хабарламалар орналастырған, оның құқық бұзушылықтың 14 эпизодына қатыстылығы анықталды.

Солтүстікқазақстандық полицейлер халықты барынша сақ болуға шақырады. Олар талай хабарландыру жасалғанын тілге тиек етті. Өкініштісі, бәрі бірдей қауіпті түсінбей отыр.

 

Байболат Құлтанов