Sailau banner

Мәдениет

Отбасылық үлгідегі балалар ауылы тәрбиеленушілерінің қатысуымен этнокөрсетілім ұйымдастырылды

Ерекше қайырымдылық шара. Оқушылар сарайында этнокөрсетілім өтті. Шараның басты мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау, мейірімге бөлеу. Шараға қатысушылардың бірі – отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері. Этнокөрсетілімді ұйымдастырушы – Әсемгүл Қапарова. Нәзікжанды – кәсіпкер. Соңғы 8 жыл бойы қайырымдылыққа да уақыт тауып келеді.

ӘСЕМГҮЛ ҚАПАРОВА, шараны ұйымдастырушы:

– Алдыңғы 2 көрсетілімге тек балалар ғана қатысты, осы жолы ересектерге де жол ашып, отбасы құндылықтарын насихаттау, мәдени-мұрамызды сақтау мақсатымен ұйымдастырып отырмыз. Бұл жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Көрсетілім ұйымдастырмас бұрын бір ай бойы балалар модельдік мектептерге барған болатын. Бұл өздеріндегі сенімділікті артуға көмектеседі.

Қатысушылардың жүздері нұрға толы. Ұлдардың ақ жейделері оюмен өрнектелген. Қыздар шекелік, шолпы таққан. Жалпы, көрсетілімге облысымыздан 50-ге жуық адам қатысты. Оның 20-сы – отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері. 14 жастағы Данил Вигерич этнокөрсетілімнен ерекше әсер алғанын айтты.

ДАНИЛ ВИГЕРИЧ, шараға қатысушы:

– Мен осындай сән көрсетіліміне қатысуға қуана келістім. Шамамен бір ай көлемінде дайындалдық. Дайындық барысында біраз шеберлік сағатына қатыстық, халық алдында өзімізді ұстауды, дұрыс жүруді үйрендік. Киім үлгілерін дизайнерлер жасады. Мен үшін есте қаларлық шара.

Этнокөрсетілімге қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Шара концертпен жалғасын тапты.

 

Анель Шаяхметова