Теріскейде тасқынмен күрес мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Біреу білсе, біреу білмес, зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі әлі жатақханада тұрып жатыр. Бұл жайлы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қала әкімінің орынбасары Қалия Түренова айтты.
ҚАЛИЯ ТҮРЕНОВА, Петропавл қаласының әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі таңда арнайы бөлінген орындарда 80-ге тарта отбасы қалып отыр. Адам саны 400-ге жуықтайды. Жоспар бойынша бұл адамдарға салынған үйлер тапсырылады немесе олар жақын арада өздері таңдаған пәтерлерге кіреді. Мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырмыз.
Саусақпен санарлық күннен кейін оқу жылы басталады. Ал Ойқала ықшам ауданындағы №14 мектеп әлі дайын емес. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге тоқталып, қала әкімінің орынбасары Ержан Мұстафинге сұрақ қойды.
ЕРЖАН МҰСТАФИН, Петропавл қаласының әкімінің орынбасары:
– Оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлаған едік. Қазір мамандар іспен айналысып жатыр. Жақында жұмысшы санын арттырдық. Жан-жақты көмек көрсетілуде.
Алдын ала айтылғандай, егер тұрғынның жалғыз тұрағы саналатын саяжайды су басса, онда әкімдік жерлесімізді үймен қамтиды. Бұған бәрі бірдей құлақ аспағанға ұқсайды. Кейбір адамдар үйлері бола тұра өтініш білдірген екен. Олар миллиондап табыс табуды жөн көрген сияқты.
ЕРЖАН МҰСТАФИН, Петропавл қаласының әкімінің орынбасары:
– Біз 11 өтінішті қабылдамадық. Тексере келе бұл тұрғындардың үйлері болып шықты. Алайда, қандай да бір шара қолдану үшін материалды тиісті органдарға жолдамадық.
Бүгінде зардап шеккен тұрғындарға үйлер жоғары қарқынмен салынуда. Осы орайда сүйінші сұрай кетейік. Жоспар бойынша қыркүйектің ортасына дейін тасқынның салдарынан үйсіз қалғандардың барлығы баспанамен қамтылады.
Байболат Құлтанов