Sailau banner

Қоғам

Қала әкімі тұрғындармен кездесті

Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Бүгін қалалық Мәдениет үйі қабырғасында шаһар басшысы Серік Мұхамедиев қала тұрғындарының алдында есеп берді. Атқамінер ең алдымен бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды баян етті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 226,7 млрд теңгені құрады. Қалада 45,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Былтырғы жылға қарағанда өсім 33,9 пайызды құрап отыр.

Мына кең залға 250-ге жуық адам жиналған. Барлығының өз айтары бар. Баяндамадан кейін кезек сұрақтарға берілді. Ең бірінші болып өз сауалын “Солнечный-2” ықшам ауданының тұрғыны Айдос Рақымғазиев қойды. Азаматтың қойған сұрағы өзі тұрып жатқан елді мекенді абаттандыруға қатысты.

АЙДОС РАҚЫМҒАЗИЕВ, “Солнечный-2” ықшам ауданының тұрғыны:

– Жолдар асфальтталса деймін. Егде адамдар мен балалардың мына жауынды күнде аяқ алып жүрулері қиындап барады. Тағы жарық мәселесін көтергім кеп отыр.

Серік Мұхамедиев аталған түйткілдер ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, жауапты жандарға проблеманы шешу жөнінде тапсырма берді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Биылғы жылы елді мекенді толықтай жарықтандырамыз. Әрине, сіздерді түсінемін. Тасқын судың кесірінен жұмыс кешеуілдеп қалды. Ал жол мәселесіне келетін болсақ, әзірге, автобус қатынайтын жолдарды асфальттаймыз. Келесі жылы Бірлік ықшам ауданымен бірге сіздер тұратын аудан толықтай асфальтталатын болады.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым көпшілігі шаһарды абаттандыруға қатысты. Мәселен, шеткі аудандарда тұрып жатқан азаматтар көшелерге жол төсеп беруін сұраса, басқалары қала ішіне жаңа суағарлар салып, ескілерін қалыпқа келтіруді ұсынды. Жиында Былғары зауыты кентінің тұрғыны Махида Қасенова да өз базынасын жеткізді.

МАХИДА ҚАСЕНОВА, Былғары зауыты кентінің тұрғыны:

– Мен тұратын жерде қоқыс жәшігі жоқ. Барлығын алып кетті. Керексіз заттарды қайда лақтыратынымызды білмеймін. Сол мәселені шешіп берсеңіз. Тағы бір айта кететін жайт, елді мекенде қараусыз иттер көбейіп кетті. Балаларымызды қапқан кездері де болды. Шара қолдансаңыздар жақсы болатын еді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Егер иттер балаларыңызға қауіп төндіретін болса, бірден арыз жазыңыздар. Сонда ғана біз тиісті шара қолданатын боламыз.

Атқамінердің сөзінше, биылғы жылы 44 жол асфальтталмақ. Оның 39-ы осы күнге дейін жөндеу көрмеген. Серік Мақсұтұлы қойылған сауалдардың әрқайсысына жеке-жеке жауап берді. Маңыздыларын қағазға түртіп алды.

 

Нұрасыл Ахмет