Sailau banner

Қоғам

Тасқын кезінде белсенділік танытқан 114 жан марапатталды

Еңбектері елеңді. Бүгін Былғары зауыты кентінде тасқын кезінде белсенділік танытқан жандар марапатталды. Бұл азаматтар қаламызға қызыл су кіргеннен бастап аянбай тер төгіп, зардап шеккен адамдарға зор қолдау көрсетті. Олардың ішінде: ҚХА өкілдері, тәртіп сақшылары, ТЖД-нің қызметкерлері және еріктілер бар.

АЛЛА ПИСАРЕНКО, “Жомарт жан” орталығы СҚОФ жетекшісі:

– Петропавл – мейірімді жандардың мекені. Біз оны су тасқыны кезінде көрдік. Олар күн-түн демей зардап шеккен адамдарға көмектесті, аянбай еңбек етті. Бүгін 114 адамды алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттаймыз.

Аталмыш шара облыс орталығында емес, Былғары зауыты кентінде өтуі тегіннен тегін емес. Ұйымдастырушылар көңілі құлазыған жандар үшін арнайы концерттік бағдарлама дайындапты. Айбек Мұхтарұлы – тасқын кезінде белсенділік танытқан жанның бірі. Ол қысылтаяң шақта бөгет тұрғызуға көмектесіп қана қоймай, өз қалтасынан ақша шығарып гуманитарлық көмек те таратыпты.

АЙБЕК МҰХТАРҰЛЫ, ерікті:

– Біз Прибрежное және Большая Малышка елді мекеніндегі адамдарды құтқардық. Адамдарға көмектесу – менің міндетім.

Жиынға барлығы – 100-ден астам адам қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет