Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов теріскейлік бизнес өкілдерімен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірге жұмыс сапарымен келді. Ол облыстық әкімдік қабырғасында жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда талқыға салынған тақырып – аймақта “Ауыл аманаты” жобасын іске асыру.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

– Еліміздің 11 өңірін аралап, СҚО-келіп қалдық. Президент тапсырмасы аясында атқарылған істі айтқымыз келеді.

Ералы Лұқпанұлы – “Ауыл аманаты” жобасының авторы. Бұл бастама қазір еліміздің бірнеше аймағында өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген. Премьер-Министрдің кеңесшісі бір жылдары Ақтөбе облысын басқарғаны мәлім. Сонда мемлекеттік қаржыны көпшілік үйренген мал шаруашылығына емес, дамудың даңғыл жолына түсе алмай жатқан кәсіп түрлеріне бағыттауды сұрапты.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

– Ақтөбе облысында бір тиын да малға кеткен жоқ. Бізде қолға алуға болатын, бірақ қолға алынбай жатқан жұмыстар бар. Біз неге қияр мен қызанақты сырттан алуымыз керек?

Қолдаудың тағы бір түрі бар. Оны жағдайы төмен отбасылар пайдаланып, аяққа тұра алады. Қазір қандай да бір бағдарламамен несие алу оңай емес екендігі белгілі. Ақша шотқа түскенше бірнеше кезеңдік міндеттен өту керек. Ал “Ауыл аманаты” жобасы аясындағы жәрдем үшін зыр жүгірудің қажеті жоқ.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

– Тұрмысы төмен отбасыға 10 сиыр береміз. Кәсіп иесі 5 жылдың ішінде 12 басты мемлекетке қайтарады. Ал қалғаны өзінде қалады. Бұл жерде мемлекет те, ауыл тұрғыны да ұтылмайды.

Бұл ретте ауылдық округ әкімдерінің құлағына алтын сырға! Атқамінерлерге жауапкершілік жүгі артылып отыр. Олар малдың таратылуына, әрі қарай өсуі мен жағдайына бас-көз болуы тиіс. Осыны Ералы Тоғжанов баса айтты. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-Министр кеңесшісінің сөзін жалғап, әкімдерге зор сенім артылатынын мәлімдеді.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

– Тауарлық кредитті құс үшін де беруге болады. Ауылдағы адамдарға мұндай да мүмкіндік ұсынылады.

Бір қызығы, біздің өңірде мұндай тәсілмен жұмыс істейтін адамдар бар. Соның бірі – тайыншалық Шоқан Әлжан. Ол мыңдаған бас қой ұстайды. Қазір Шопан ата төлдерін қолынан іс келетін тұрғындарға таратып, ортақ табысқа кенеліп отыр.

ШОҚАН ӘЛЖАН, “Аманат” ШҚ басшысы, Тайынша ауданы:

– Біз 50 бас қой береміз. Одан екінші, үшінші және төртінші жылы 20 бастан аналық қозы алып отырамыз. Қалған малдың барлығы кәсіп иесінде қалады.

Осыдан бірер жыл бұрын елді мекендерде тракторшы табылмаса, қазір малшының өзі жоқтың қасы. Жиналыс соңында Ералы Тоғжанов ауқымды істің барлығы ауылдарды сақтап қалу үшін қолға алынғанын атап өтті. Бұдан кейін ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісімен тағы бір басқосу өтті. Оған мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының басшылары қатысты.

 

Байболат Құлтанов