Sailau banner

Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті

Еліміздің дамуына үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы зор. Алайда, олардың әлеуеті әлі күнге дейін ашылмаған. Бүгінде бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылуда. Кеше Достық үйінде аталмыш ұйым өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтті. Жиын барысында осы саладағы проблемалар сөз болып, оларды шешу жолдары талқыланды.

ҮМІТЖАН ШЫНТЕМІРОВА, облыстық тілдерді дамыту орталығының басшысы:

– Жиын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылуда. Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдармен 7 іс-шара өткізу жоспарда тұр. Оның екеуі мамыр және маусым айларында өтті.

Жиынға денсаулық сақтау басқармасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қатысты. Көбінесе, саладағы бармақ басты, көз қысты жайттарды ауыздықтау жайлы сөз қозғалды. Басқосуда мемлекеттік орган қызметкері мен түрлі ұйым өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеу қажеттігі айтылды.

ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, “СҚО Азаматтық альянс ассоциациясы” ЗТБ төрағасы:

– Іс-шарада түрлі экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелер көтерілсе деймін. Біз әрдайым үкіметтік емес ұйымдармен байланыста болуымыз керек. Әрбіреуіне жеке-жеке тапсырма береміз. Олар сол бойынша жұмыс істеп, өңіріміздің дамуына үлестерін қосуы тиіс.

Жиынға 30-ға жуық адам қатысты. Кейбір үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері ортаға шығып өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

 

Нұрасыл Ахмет