Sailau banner

Қоғам

Явленка ауылында көпбалалы отбасыға жаңа үй берілді

Шаповаловтар отбасы – Явленка ауылындағы жаңа үйге ие болған жанұялардың бірі. 9 бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптыға баспана кілті шілдеде берілді. Бұған дейін еңкіш тартқан, ішін көк басқан жерде тұрыпты. Тозығы жеткен үйде 8 жыл тұрған отбасыны 8 Наурызда құттықтай келген аудан әкімі баспананың мүшкіл жағдайын көріп, жаңа үй беруге уәде етіпті. Берілген уәде орындалды.

ЕВГЕНИЙ ШАПОВАЛОВ, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Аудан әкіміне ризашылығымызды білдіреміз. Үйіміз үш бөлмелі. Кең. 9 баланың екеуі ер жетіп, үлкен өмірге қадам басты. Өзім жергілікті агроқұрылымдардың бірінде жұмыс істеймін. Зайыбым баламен үйде отырады. Ересектеу балаларым мектепке барады. Кенжелерім жасқа да толған жоқ.

Биыл осындай тағы бір отбасы баспаналы болыпты. Жалпы, Есіл ауданының орталығында арнайы санаттағы жандарға арналып жер үйлер салынып жатыр. Екеуі тапсырылған, енді қалғаны – үшеу. Құрылысшылар іске мамыр айында кірісіпті. Мердігер – шалақындық кәсіпорын. Бір үйге 8 адам жұмылдырылған. Баспаналар газоблоктан қаланып жатыр.

ҚАЙРАТ АХМЕТОВ, Есіл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Тұрғындар бұл баспаналарды “Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғызылған үй” жобасы арқылы алып отыр. Осы мақсатта облыстық және республикалық бюджеттерден 76 млн теңге бөлінген. Қазір құрылысшылар үшінші үйдің қабырғаларын ішке суық кіргізбейтін арнайы дүниемен қаптап, төбесін көтеріп жатыр. Жоспар бойынша қараша айының соңына дейін аяқтауымыз керек.

Жалпы, Есіл ауданы бойынша үй кезегінде 350-ге жуық жанұя тұр. Оның 102-сі – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар.

 

Мәдина Қаби