Sailau banner

Мәдениет

Теріскейлік нар тұлға Ербол Шаймерденовті еске алу кеші өтті

Жақсының аты өшпес. Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада солтүстіктің маңдайына біткен перзенті, қарымды қаламгер Ербол Шаймерденұлының туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Басқосуға жазушының жұбайы, достары мен әріптестері қатысты.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

– Ағамыз – рәмізтанушы. Елтаңба мен туды қабылдау кезінде ауқымды істер атқарған. 800 беттік ақыл-ойдың антологиясын жазған жан.

Ербол Шаймерденұлын танымайтын теріскейлік жоқ шығар. Қарымды қаламгер артынан өшпес із қалдырған. Жүрек қылын тербетер өлеңдері де баршылық. Жерлесіміз 1954 жылы 12 мамырда Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Қаламгердің жеткен жетістіктерін маржанша тізе аламыз. Кезінде Тұңғыш Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы да болған екен.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ТҰРСЫН, Е.Шаймерденұлының курстас досы:

– Ербол өзі ақынжанды, Ербол – тұлға, Ербол – азамат, Ербол – қайраткер. Досымның табандылығы, ойшылдығы бәрімізді таңқалдыратын.

Жиынға 60-қа жуық адам қатысты. Басқосу соңында еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтың шығармалары көрме ретінде көпшілікке ұсынылды.

 

Нұрасыл Ахмет