Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 1 млн тоннаға жуық шөп шабылды

Солтүстікқазақстандықтарға жаңбырлы ауа райы кеңінен көсіле шөп шабуға мүмкіндік бермей тұр. Бұл уақытта мая-мая мал азығын үйіп, ораққа қамданатын жерлестеріміз биыл шабындықтан шығар емес. Алдын ала әзірленген жоспар бар. Ондағы сандарға тілшілермен тілдескен бейінді басқарманың басшысы тоқталды.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Нормативке сәйкес 940 мың тонна шөп, 234,6 мың тонна пішендеме, 278,1 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан және 818 мың тонна жем дайындау қажет. Жалпы, дайындалған мал азығы көлемінен үй шаруашылықтарының мал басына 424,1 мың тонна шөп, 406,4 мың тонна сабан, 277 мың тонна жем дайындау қажет.

Ал министрлік 1 жарым жылдық қор жасақтауды тапсырған. Яғни, биыл өңірде 1 млн 400 мың тонна шөп шабылуы тиіс. Ведомство жүктеген міндет орындалады. Теріскейлік еңбек адамдары жаңбырға қарамастан көл-көсір мал азығын орып алған.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күнгі ақпарға зер салсақ, облыста 979 мың тонна шөп шабылды. Жоспар 104,3% орындалды. 364 мың тонна пішендеме әзірленді. Мұнда да айтарлықтай қор болмақ. Ал тұрғындар үшін 352 мың тонна шөп немесе жалпы қажеттіліктің 83% шабылғандығын аңғарамыз.

Биыл аймақта сатылатын шөптің құны төбе шашты тік тұрғызбайды. Қазір тоннаға қойылған орташа баға – 12-14 мың теңге. Ал былтыр көрсеткіш 20-25 мыңды құраған еді.

 

Байболат Құлтанов