Sailau banner

Қоғам

Елімізде атом электр станциясын салу қажет пе?

Елімізде атом электр станциясын салу қажет пе? Бұл сұрақ бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Халықтың ойы екіге бөлінген. Біреуі станцияның құрылысын қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы. “BAITAQ” жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың сөзінше, Қазақстан электр энергиясына мұқтаж. Себебі, осы арқылы мемлекетіміз әлемдік державалардың біріне айналады.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, “BAITAQ” жасылдар партиясының төрағасы:

– Экономикасы дамыған елдердің барлығы АЭС-ті құп көреді. Бұл қоршаған ортамызды қорғау үшін де қажет. Себебі, атом энергиясы – экологиялық таза энергия.

Тағы бір айта кететін жайт, өңіріміздегі 90-шы жылдары салынған электр сымдары мен бағандардың тозығы жеткен. Егер біреуі үзілсе, бүкіл елді мекен жарықсыз қалуы мүмкін. Ал ондай жағдайлар көптеп кездесіп жатады. Осы тақырып бойынша қала тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Олардың барлығы бірауыздан елімізге атом электр станциясының керек екенін айтты.

– Жарықты бәрі қолданады. Тиісінше, оның бағасы да қымбатырақ. Ал атом электр станциясы болса, электр энергиясының құны арзанырақ болады деп ойлаймын.
– Қауіпсіздік жағын алатын болсақ, бізге атом электр станциясы мүлдем керек емес. Себебі, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
– Қазір 21-ші ғасыр. Біз өмір бойы отын, көмірді жақпаймыз ғой. АҚШ-тың өзінде 95 атом электр станциясы бар. Сондықтан, бізге мұндай жаңа өзгеріс керек. Әйтпесе, дамыған мемлекеттердің қатарына қосыла алмаймыз.

Қазіргі таңда Қазақстанда 46 күн және 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Өкініштісі, бұлар елдегі электр энергиясының тек 6 пайызын ғана өндіріп отыр. Ал АЭС осы олқылықтың орнын жабады, – дейді мамандар.

 

Нұрасыл Ахмет