Sailau banner

Білім

Биыл Қарақоға ауылында 34 бала 1-ші сыныпқа барады

Бұл – үш қабатты Қарақоға орта мектебі. Білім ұясында жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Биыл мұнда орташа жөндеу жүргізілген. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” демекші, Ардақ Шаришева мектепте 14 жыл бойы тер төгіп келеді. Жалпы, еңбек өтілі 20 жылға жуықтайды. Талай оқушыны біліммен сусындатқан сынып жетекшісі биыл 8 баланы қабылдайды. Ұлағатты ұстаз қазір 1-ші сыныпқа келетін ұл-қыздарды оқу жылына дайындап жатыр.

АРДАҚ ШАРИШЕВА, Қарақоға орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Қазір бізде 12-ші тамыздан бастап “Балақайлар мектебі” жүріп жатыр. Бұл жерде мектепалды даярлық тобында алған балалардың білімін жетілдіріп, қайталау үстіндеміз. Яғни, әр пән бойынша тапсырмалар беріп, қызықтырып, балаларды дамытып жатырмыз. Сабақты таңғы 09:30 бастаймыз да 12:20-да аяқталады. Күніне төрт сабақтан білім алады. Олар: сауат ашу, математика, мүсіндеу, сурет салу деген пәндер.

Мектепте екі тілде білім беріледі. Қазақ сыныбына биыл 8 ұл-қыз келетін болса, орыс сыныбына 26 балғын аяқ баспақ. Барлығы – 300-ден астам бала оқиды.

АҚНҰР ДЖАМАНБАЕВА, Қарақоға орта мектебі директорының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

– Жалпы, мектебіміздің жобалық қуаты 540 орынға есептелген. Ерекше білім беру қажеттлігі бар балалар да бар бізде. Олар осы мектептің қабырғасында білім алып жатыр. Олардың саны – алтау. Мұғалімдер жайында айтатын болсақ, бізде 50 мұғалім бар. Оның ішінде педагог сарапшы, модераторлар бар. Зерттеушілер саны – төртеу. Модераторлар саны – 21 және сарапшылар саны – 12.

Биыл мектепке қос жаңа маман келеді. Бірі қазақ тілінен сабақ берсе, екіншісі – тарих пәнінің мұғалімі. Мектепке көрші ауылдың балалары да келіп оқиды. Осы орайда мұнда 50 орындық интернат бар. Биыл онда 24 бала тұрады деп жоспарланып отыр.

 

Мәдина Қаби