Sailau banner

Қоғам

Николаевка ауылында мәдени-демалыс орталығы ашылды

Николаевкадағы ерекше орталық. Аталмыш ауылда осы жылы мәдени-демалыс орталығы ашылды. Нысан 1-ші наурыз күні тұрғындарға есігін айқара ашып, қазір ішінде үлкен-кіші бос уақыттарын өткізуде. Мұнда кез келген азамат келіп, дойбы, шахмат ойнай алады. Мысалы, егде жастағы жандар жиналып, әңгіме-дүкен құрады, мерекелік іс-шара ұйымдастыруға өз үлестерін қосады, бірге газет-журнал оқиды.

ҚАЙЫРЖАМАЛ ҚАДЫРБАЕВА, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Енді ұлғайған адамдар болсақ та осында келіп, газет-журнал оқимыз. Әңгіме-дүкен құрамыз. Қартайсақ та дойбы, шахмат ойнаймыз әлі де. Қазір Конституция күніне дайындалып жатырмыз. Бара-бара мүмкін, “Келіндер сыны”, жігіттерге арнап сайыстар өткіземіз деп ойлаймын. Бұл біздің көптен күткен ошақ, сондықтан да ақсатпай жұмыс істеу қажет.

Көбіне келетіндер – ақ жаулықты аналар мен ойын балалары. Жаз уақыты болғандықтан, доп қуалап жүрген балалар топырлап келіп, үстел басына отырып, ойын ойнап кетеді. Әсіресе, таңертең көп келетін көрінеді. Бірақ, әзірге оларды үйрететін маман жоқ, араларынан ойын тәртібін білетін ересектері екіншісіне үйретіп, білімдерімен бөліседі.

ШӘПИ СЕЙІТЖАНОВА, мәдени-демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы, Есіл ауданы:

– Әжелермен бірігіп, қызмет қыламыз. Бұл кісілерге рахмет, шақырған уақытта келіп тұрады. Барлығымыз бірігіп, бірге болған дұрыс деп ойлаймын. Үлкен кісілер бізге ақыл-кеңестерін береді. Балалар да келіп шахмат, дойбы ойнайды. Ұл балалар қыздардан гөрі көбірек келеді.

Мәдени-демалыс орталығының құрылысына облыстық бюджеттен 107 млн теңге жұмсалған. Жоспар көп. Мамандар жұмысқа қабылданады, тұрғындарға арналып бірнеше үйірме-клуб құрылмақ.

 

Мәдина Қаби