Sailau banner

Білім

Қозыбаев университетінде колледж түлектері 2 жыл оқитын болады

Қозыбаев университеті алдағы оқу жылына дайындалуда. Өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнында 6 мыңға тарта адам білім алады. Биыл құжат тапсырғандардың басым бөлігі – грант иегерлері. Бұл жайлы журналистермен жүздескен ректор Ербол Исақаев мәлім етті.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры:

– Кешегі күнгі ақпар бойынша айтар болсақ, Қозыбаев университетіне бакалавриатқа 1 390 адам қабылданды. Биыл мемлекет есебінен оқитындар саны айтарлықтай өсті. Ағымдағы жылы 1139 грант алдық. Оның 86-сы төтенше жағдай квотасы бойынша берілді. Біздің университетте 14 елдің 137 студенті оқиды. Олардың арасында германиялықтар, ирандықтар, қытайлықтар мен польшалықтар бар.

Қазір Қозыбаев университеті десе Аризона универсиеті еске түседі. Тараптар арасындағы байланыстың артқаны соншалық, оқуға ниет білдіргендер саны жылдан-жылға артып келеді. Жаңа мамандықтар да ашылуда. Бұл ретте болашақ студенттер құлақ түруі тиіс. Енді инклюзивті педагогиканың да қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік бар.

ҚАЙРАТ САПАРОВ, Қозыбаев университеті жобалық кеңсесінің аймақтық менеджері:

– IT мамандығы ұнамайды, Биотехнология да көңілден шықпайды. Мұндай сәтте Инклюзивті педагогика бар. Ол үшін ҰБТ-да география және биология деген пәндерді таңдау кереу. АҚШ-қа баруға мүмкіндік бар.

Алдағы жылы Америкаға IT және Биотехнология бағдарламалары бойынша 40 студент жол тартады. Ал 26-да АҚШ-қа 131 жас билет алмақ. Мұнда тізімге Инклюзивті педагогика да қосылады. Тағы бір маңызды жаңашылдық, алдағы уақытта Қозыбаев университетінде колледж түлектері 3 жыл емес, 2 жыл оқымақ.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры:

– Қарапайым тілмен айтсақ, өңірдегі колледждердің бірінде “Машина жасау” мамандығы бар делік. Ол мамандық бойынша біз де оқытамыз. Мұндай жағдайда бірлесе жұмыс істеп, оқу жылын 3-тен 2 жылға азайтамыз. Нәтижесінде кәсіпорындар тезірек жұмысшы табады және шығын қысқарады. Бәрімізге тиімді бастама деп білемін. Бұл жоба алдағы уақытта жүзеге асады деген ойдамыз.

Биыл №6 оқу корпусы мен бассейннің төбесі ауыстырылады. Ректор жастарды жатақханамен қамтуда мәселе туындамайтынын баса айтты. Бұл бағытта тиісті жұмыстардың жоспары әлдеқашан құрылыпты.

 

Байболат Құлтанов