Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ғ.НҰРМҰХАМБЕТОВ: «Биыл күзгі орақ науқаны қиын жағдайда өтеді»

Әкімдік отырысы жаңа тағайындаумен басталды. Жиынға қатысушыларға облыс әкімінің жаңа орынбасары таныстырылды. Бұл лауазымға Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Жүсіп Рахатұлы Жұмағұлов тағайындалды. Жүсіп Рахатұлы СҚО-ның әлеуметтік саласына жауап беретін болады. Кейін жиында өңірдің өткен жеті айдағы экономикалық көрсеткіші қаралды. Биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы көлемі 1%-ға, құрылыс жұмыстары 14,5%-ға, өнеркәсіптік өндіріс – 3,7%-ға, инвестициялар көлемінің – 14,9%-ға, бөлшек сауда – 2,3%-ға, тұрғын үй құрылысы 6,3%-ға өскен. Экономиканың негізгі салаларында оң нәтиже байқалғанымен кейбір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, облыстық экономика басқармасының басшысы:

– Жалпы, өңірде өткен жеті айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1% өсіммен 118 млрд теңгені құрады. Бұл ретте саладағы оң өсімге қарамастан жоспарлы көрсеткіш орындалмады. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 2,1%-ға, сүт өндірісі – 6,9%-ға, жұмыртқа 5,0%-ға артты. Бірақ, 12 ауданда ет өндірісінің көрсеткіші 4,8 пайызға төмендеп кетті. Сонымен қатар, облыстағы өңдеу өнеркәсібінде де жоспар орындалмады. Атап айтатын болсақ, Жамбыл, Аққайың, Шал ақын мен Уәлиханов, Айыртау, Мамлют аудандарында көрсеткіш төмен.

Қаңтар-шілде айларында облысқа 211 млрд теңге инвестиция тартылды. Құрылыста 102 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді, өсім – 6,3%. Бірақ, өңірде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға баспана алу мәселесі тым баяу жүргізіліп жатыр. Экономика басқармасының мәліметінше, облыста осы санаттағы тұрғындарға 382 пәтер алуға бюджеттен 5,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Бірақ, қазір тек 11 баспана сатып алынған. Жоспарды Петропавл мен Аққайың аудандары орындамаған. Мәселен, облыс орталығында 219 баспана сатып алуынуы тиіс.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, қала әкімі:

– Біз осы айда жоспар бойынша 93 пәтер сатып алуымыз керек еді. Бірақ, баспанаға қатысты конкурс екі рет өтпей қалды. Енді тағы үшінші рет кеңес өткізіп, осы айда 21 баспана алатын боламыз. Ал қалғандарын келесі айға жоспарлаймыз.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық мәселе шешілсін. Сіздерде осыншама уақыт болды. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Айдың басталғанына 20 күн өтті. Қажетті қаражат бөлініп отыр. Не істеп жүрсіздер? Бұл қаражат туралы сіздер жылдың басында білдіңіздер. Біз әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуіміз керек. Шілде айында да жоспар орындалмады. Осы айда тағы. Мәселе тез арада шешілсін.

Облыстың экономикалық өсімі бойынша аймақ басшысы аудан әкімдерін басқарма басшыларымен тығыз жұмыс істеп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу керек екенін тапсырды. Кейін отырыста өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды. Биылғы оқу жылында жалпы өңірде 461 мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен 458 мектеп және 24 колледж жұмыс істейді. Олардың барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы оқу жылында 1500-ге жуық мектеке дейінгі жастағы балалар мен 30 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа 2024 жылы 3 млрд 423 млн теңге қаражат бөлінген. Биыл 53 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізуге 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд теңгеге 22 мектеп жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 31 білім ордасы қайта қалпына келтірілді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта күрделі жөнделуі тиіс 24 мектепте жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Тағы 9 білім ордасы осы аптаның соңында тапсырылады. Қазіргі уақытта білім ордаларындағы жөндеу жұмыстары 85-95 пайызға аяқталды. Ал мектептердің 93 пайызы жылыту маусымына дайын.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын білім саласына бөлінетін қаражат артып жатыр. Биыл бұл салаға 157 млрд теңге қаражат жұмсалса, былтыр – 138,7 млрд, ал 2022 жылы 116,9 млрд бөлінген. Балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті автобустар сатып алынып жатыр. Жыл соңына дейін облыс мектептеріне тағы 5 автобус пен 4 шағын автобустың кілті табысталады. Облыста апатты жағдай тұрған мектептердің де мәселесі шешіліп жатыр. Биыл жаңа білім ордалары да қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Дегенмен, мектептерде әлі де иентернет жылдамдығына қатысты мәселе шешілмей тұр. Ақжар ауданында – 7, Уәлихановта – 4, Қызылжар ауданында – 2, Мамлютте – 1 және М.Жұмабаев аудандарындағы мектептерде әлі де интернет мәселесі шешілмеген.

Ғауез Нұрмұхамбетов мектептердегі жөндеу жұмыстары 1-ші қыркүйекке дейін толығымен аяқталуы керек екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, білім ордаларының жылыту маусымына дайындығын тездету қажеттігін, аудан әкімдері энергетика басқармасымен бірлесе тығыз жұмыс істеу керек екенін тапсырды. Кейін әкімдік отырысында күзгі орақ науқаны жайы қаралды. Қазір өңір аграрилерінің алдында егінді толығымен сапалы түрде қамбаға құю мәселесі тұр. Дегенмен, биыл облыстағы ауа райы орақ науқанына өз әсерін тигізбек.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

– Тамыз айында облыстағы жауын-шашын белгіленген мөлшерден көп болмақ. Осы айдың үшінші онкүндігінде құбылмалы ауа райы сақталады. 28-ші тамызға дейін жауын жауып, тіпті бұршақ жаууы мүмкін. Қыркүйек айында өңірдегі ауа температурасы тамыз айымен салыстырғанда 5-10 градусқа төмендейді. Келесі айдың алғашқы онкүндігінде жаңбырлы ауарайы сақталады.

Жалпы, қазіргі уақытта өңір күзгі орақ науқанына дайын. Ауыл шаруашылығы техникасы 100% жөндеуден өткен. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс агроқұрылымдары жалпы сомасы – 31,6 млрд теңгеге 1 мың 163 жаңа техника сатып алған.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта егіннің 67,7 пайызы жақсы деңгейде. 23,4 пайызы қанағаттанарлық. Өңірде топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар енгізу жұмыстары жүргізілді. Облыста 3,2 млн гектар алқапқа 256,6 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Биыл мемлекет өңір агроқұрылымдарына 59 мың литр жеңілдетілген дизель отынын ұсынды. Оның бір литрі – 250 теңге.

Қазір өңірдегі барлық элеваторлар жаңа астықты қабылдауға 100% дайын. Облыста 46 астық қабылдау пункті бар, олардың сыйымдылығы – 3,2 млн тонна. Ал ауыл шаруашылығы құрылымындағы нысандарды қоса алғанда облыс бойынша сыйымдылық – 6,9 млн тонна.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз тамыз айының үшінші онкүндігінде, мүмкін қыркүйек айының басында орақ науқанын толықтай бастаймыз. Аграрлы аймақ болғандықтан соң біз жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Барлық шаруалар тәжірибелі. Бірақ, аудан әкімдері, аграрилерге көмектесулеріңіз керек. Қатаң түрде тапсырамын. Шаруалар бізсіз-ақ өз өнімдерін жинап, қамбаға құяды. Бірақ, орақ науқаны ауа райына байланысты қиын болмақ. Барлық мүмкіндікті қолданып, күзгі жиын-терімді жақсылап аяқтауымыз керек.

Жиын соңында өңір басшысы, ауыл шаруашылығы басқармасымен барлық аудан әкімдеріне күзгі орақ науқанын уақытында бастап, барлық шаруаларға қажетті көмек көрсетуді, сонымен қатар, элеваторлардың дайындығын қайта тексеруді тапсырды.

 

Данаш Хамза