Sailau banner

МТРА жаңалықтары

“Бастау Бизнес”: қарақоғалық кәсіпкер көлік жуатын орталық ашты

Айнұр Мәкішева осыдан үш ай бұрын “Бастау Бизнес” жобасы арқылы автөкөлік жуатын нысан ашқан. Төрт баланың анасы – М.Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылының тұрғыны. Нәзікжанды өткен жылдың көктемінде осы жоба аясында көпбалалы ана ретінде грантқа өтінім берген. Мемлекет іскер жанға 1 млн 300 мың теңгеден астам қаржы ұсыныпты. Ол ақшаны ала салысымен бірден жолдасымен Алматыға жол тартқан.

АЙНҰР МӘКІШЕВА, кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Барлық құрал-жабдықты Алматыдан алдық. Себебі, біздің өңірімізде ондай сапалы құралдарды табу өте қиын. Тиісті жабдықты әкелгеннен кейін, жұмысқа кірісе бастадық. Қазір кәсібім жақсы жүріп жатыр. Бас кезінде бір күнде 2-3 адам ғана келетін еді. Қазір 7-8 адамға қызмет көрсетеміз. Тіпті басқа ауылдың азаматтары да көліктерін осында келіп жуады.

Мәкішевтер отбасының Қарақоға ауылында тұрып жатқанына 7 жыл болған. Ауыл тіршілігінің қыр-сырын түсінген іскер нәзкіжандының сөзінше, мұндай жұмыспен ауылды жерде айналысу өте тиімді. Орталыққа келіп бір мың теңге төлейсің, кейін қанша уақыт жусаң да өзің білесің. Мұнда әзірге темір тұлпар жуатын бір-ақ орын бар. Болашақта кәсіпкер нысанын кеңейтіп, екіншісін ашуды жоспарлауда.

АЙНҰР МӘКІШЕВА, кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Бізде темір тұлпар жуатын орталықтан басқа, оны жөндейтін нысан да бар. Оның ашылғанына 2 жылдай болып қалды. Енді екі жұмыстың басын біріктіріп, кәсібімізді одан әрі дамытамыз. Алға қойған жоспар көп. Бірақ, оның барлығына әрине ақша қажет.

Көлік жуатын орталық көктем, жаз бен күзде ғана жұмыс істейді. Себебі, нысаның жан-жағын жабу керек. Кәсіпкер алдағы уағытта бұны да қолға алып, жыл он екі ай қызмет көрсетуді көздеп отыр.

 

Мәдина Қаби