НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Біз қазір Кәрімжан Пәзіловтың бақшасында тұрмыз. Мұнда жеміс пен көкөністің түр-түрі өседі. Іскер жан қалай жұмыс істеп жатыр, қандай жетістіктерге жетті? Қазір бәріміз бірге көретін боламыз.
Еңбегін үлгі тұтар адамдар арамызда көп болса, соның бірі Кәрімжан Пәзілов деуге болады. Сексенге аяқ басса да оның қолынан кетпені мен күрегі әлі түскен емес. Бағбан Шымкенттің тумасы екен. Теріскейге көшіп келгеніне 5 жыл болыпты. Азамат зейнетке шықса да бойында қуат барда еңбек ете бер деген қағиданы ұстанады екен.
КӘРІМЖАН ПӘЗІЛОВ, бағбан:
– Мына жеміс-жидектерді еккеніме 3 жыл болды. Басты мақсатым- теріскейліктер шетелдік емес, өзіміздің табиғи таза өнімді тұтынғанын қалаймын.
Азаматтың бағбаншылықпен айналысқанына 15 жыл болыпты. Жетпісті желкелеп, сексеннің сеңгірігіне шыққан жанның бау-бақшасында жеміс-жидектің 15-ке жуық түрі өседі. Мына кішігірім аумақта кәсібін дөңгелетін отырған ағамыз тұқым мен көшеттерді Қырғызстаннан алғызады екен. “Әке көрген оқ жанар” демекші, Кәрімжан Пәзілов бұл кәсіпті әкесінен меңгеріпті. Болашақта балаларына дарытуды жоспарлап отыр.
КӘРІМЖАН ПӘЗІЛОВ, бағбан:
– Қарағай, аққайың және сәндік ағаш өсіруді қолға алдық. Аудан және ауыл әкімдеріне алғысым шексіз. Маған тағы 1 гектар жер бөліп берді. Енді соған түрлі жемістер егемін.
Іскер азамат өзі еккен көкөніс жайлы да айтып берді.
КӘРІМЖАН ПӘЗІЛОВ, бағбан:
– Асқабақты көктемде ексек, күзде жинап аламыз. Өнімнен түрлі салаттар жасаймыз. Дәруменге толы.
Кәрімжан Пәзіловтің 5 баласы бар. Бүгінде олардан 19 немере сүйіп отыр. Іскер азамат солтүстікке көшіп келгеніне еш өкінбейтінін жеткізді.
Нұрасыл Ахмет