Sailau banner

Қоғам

СҚО бойынша ҚАЖД бастығы сотталды

Лауазымды қызметтен айрылды, қомақты айыппұл салынды! Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Әділет Мұстафиновқа қатысты үкім шығарды. Ол делдал арқылы мекемелерге ұн жеткізу қызметтерінде мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерден 1 млн теңге мөлшерінде пара алу бойынша кінәлі деп танылды.

ДАНИЯР БЕГАЙДАРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

– Сот үкімімен Мұстафинов мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге мөлшерінде, пара беруші мен делдал тиісінше 20 млн және 10 млн теңге көлемінде айыппұлға сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Бұдан басқа, енгізілген ұсынымның нәтижелері бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен тиісті ведомстволық бақылаудың және профилактикалық жұмыстың болмағаны үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Байболат Құлтанов