Облыс орталығында дойбыдан есту және көру органдары зақымданған спортшылар арасында ҚР чемпионаты бастау алды. Оған еліміздің 14 облысынан 85 спортшы қатысып жатыр.
ЗИНЯТҚЫЗ НҮСІПБАЕВА, ҚР шашки бойынша бас жаттықтырушысы:
– Осы жарысқа бірнеше дүркін әлем және Азия чемпиондары Даниил Гайнуллин мен Юрий Носов қатысып жатыр. Олар Павлодар мен Жетісу өңірлерінің намысын қорғап келіп отыр. Жалпы, жарыс 9 күн бойы өтеді. Алғашқы 2 күн – рапид, ал қалған 7 күнде спортшылар классикалық тұрғыда ойнайды.
15 жастағы Қарақат Төрегелді Шымкент қаласынан келіп отыр. 7-ші сыныптан бастап шашкимен айналысады. Екі жыл ішінде түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жарыстың ең жас қатысушысы республикалық деңгейдегі додада алғаш рет өнер көрсетуде.
ҚАРАҚАТ ТӨРЕГЕЛДІ, чемпионатқа қатысушы, Шымкент қаласы:
– Ең алғаш рет жарысқа шыққанда қорқыныш болды, ал қазір бар уайымым жойылып кетті. Әр додаға ұтамын деген сеніммен қатысып жүрмін. Оның арқасында әрдайым 2-3-ші орындарға ие боламын. Негізі, менің қарсыласым мықтылау. Бірақ, барынша тырысып жатырмын.
Диляра Асаинованың мамандығы – музыкант. Жаны саз әлеміне жақын талантты бойжеткеннің дойбыға деген қызығушылығы да зор.
Павлодарлық спортшы – Қазақстанның екі дүркін чемпионы.
ДИЛЯРА АСАИНОВА, чемпионатқа қатысушы, Павлодар қаласы:
– Дойбы ойнағаныма 9 жылдай болып қалды. Мамыр айында Шымкент қаласында шашки 64 бойынша өткен жарыста екі бірдей жүлделі орын алдым. Чемпионат аясында рапидтен 3-ші орын иелендім. Қазір классикалық түрінен бағымызды сынап жатырмыз. Жеңіске жетемін деген үміттемін.
Бұл спортшылар үшін іріктеу жарысы болып саналады. Жеңіске жеткендер қазан айында Түркияда өтетін Еуропа чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды.
Анель Шаяхметова