Sailau banner

Спорт

Қазақстандық садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалуда

Қазақстандық садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалуда. Жаттығу жұмыстары елордадағы “Қазанат” ипподромында өтіп жатыр. Біздің мергендер сайыстың фавориті болып саналады. Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, аты аталған спорт түрі бойынша 35 мемлекеттен келген мергендер бақ сынайтын болады.

ДИАС АХМЕТОВ, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері:

– Қазір аккредитация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байрақты бәсекеде Түркия, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің садақшылары жақсы өнер көрсететіні белгілі.

БАҚБЕРГЕН САЛИМОВ, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі:

– Жарыс иесі өзіміз болғандықтан, үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Сонымен қатар, көшпенділер ойыны өтетін жерде, бірінші болып дайын болған бізбіз. Ол – біз үшін үлкен мүмкіндік. Сол үшін осы жерге арнайы келіп, оқу-дайындық жаттығуларымызды пысықтаудамыз.

Айта кету керек, әлемді өзіне қаратар шара қыркүйектің 8-і мен 13-і аралығында өтеді. Оған 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Дүбірлі додада 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

 

Нұрасыл Ахмет