Sailau banner

Білім

Антибуллинг: өңірде мұғалімдерге арналған оқыту курсы өтті

Өңір ұстаздары зорлық-зомбылыққа қарсы. Назарбаев Зияткерлік мектебінде буллингке қарсы күрес аясында танымал әлемдік бағдарламалардың бірі болып табылатын KiVa бойынша төрткүндік оқу өтті. Оған жергілікті және ауданнан келген ұстаздар қатысты.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, “KiVa” бағдарламасының тренері, химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

– “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ “KiVa” бағдарламасын әзірлеген Турку универститетінің серіктесі болып табылады. Бұл жолы біздің петропавлдық NIS-тің СҚО-дағы 5 тірек мектебін оқыттық. Директордың тәрбие ісі жөніндегі, орынбасарлары, психолог, әлеуметтік қызметкер және сынып жетекшілері қатысты. Оқыту кезінде негізгі принциптері, мақсаттары, әдістемесі үйретілді, практикалық жұмыстар жүргізілді.

Қысым көрген баланың ең алдымен мінез-құлқы өзгереді. Оның өзі балаға әртүрлі әсер етуі мүмкін: біреуі агрессия танытса, енді біреуі тұйықтала түседі. Мұндай жағдай жеткіншектерді суицидке итермелеуі мүмкін. “Оның алдын алу мақсатында осы сияқты шаралар көптеп өткізілуі тиіс”,- дейді А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі директорының орынбасары Ақнұр Ерғалиева.

АҚНҰР ЕРҒАЛИЕВА, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі директорының орынбасары, Есіл ауданы:

– Басында қорқыныш болды. Жаңа шығып жатқан бағдарлама болғандықтан, қорықтық. Бірақ, NIS тренерлері көптеген түсінікті ақпарат берді, үйретті. Бағдарлама өте қолжетімді. Аз уақыт болса да төрт күнде көп мағлұмат алдық. Мектепке барғанда алдымен бағдарламаны ұжымымызға таныстырамыз. Кейін буллинг туралы балаларға айтатын боламыз.

Оқыту аяқталғаннан кейін әр ұстазға сертификат табыс етілді. №2 Кішкенекөл орта мектебі директорының орынбасары Руслан Хайыргелдиновтің сөзінше, буллингтің алдын алу үшін әр ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесуі тиіс. Тек мектептегі үлгерімі жайлы емес, сыныптастарымен қарым-қатынасы жайлы білуі керек.

РУСЛАН ХАЙЫРГЕЛДИЕВ, №2 Кішкенекөл орта мектебі директорының орынбасары, Уәлиханов ауданы:

– Семинарға мектебімізден бірнеше ұстаз келді. Ары қарай осы бағдарламадан үйренгенімізді балаларға көрсететін боламыз. Төрткүндік семинарда бағдарламамен, материалдармен, құжаттамамен таныстық.

Айта кетейік, бүгінде Еуропаның, Солтүстік және Оңтүстік Американың 23 елінде іске асырылып келетін KiVa бағдарламасы биыл Қазақстанда пилоттық түрде енгізілуде. Әзірге, бұл жоба Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана бар.

 

Нұрасыл Ахмет