Sailau banner

Қоғам

Ұлытаулықтар көненің көзін көріп, теріскей табиғатына тамсанды

Көненің көзін көріп, теріскей табиғатына тамсанды. Сенбі күні өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Айыртау ауданына қарасты Лобанов елді мекеніне барды. Ауылда өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға арналған ауқымды іс-шара өтті. 7 киіз үй тігіліп, дәмдеріміз ортаға қойылды және ұлттық ойындар ойналды. Бас қосудың басты мақсаты – аймақтың атақты тұлғалары мен тарихын ұмыт қалдырмау, қонақтарға таныстыру. Ауқымды шараның өтуіне алматылық профессер үлес қосқан.

НҰРЖАН ҚҰЛЫМЖАНОВ, К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің профессоры, Алматы қаласы:

– Келген қонақтарға көрсететін бағдарламамыз бар. Оның ішінде Ботай мәдениетін көрсететін боламыз. Әрине, Ботай мәдениеті туралы бәріміз білеміз. Осы арқылы халқымыздың байырғы заманда қалай өмір сүргенін білдік.

Әр киіз үйге кірсен, өткен заманға тап болғандай күй кешесің. Әр шаңырақта баға жетпес жәдігерлер жетерлік. Келген қонақтар барлығымен танысты. Бұл – Ботай мәдениетінен қалған археологиялық заттар мен тұрақ бейнеленген көрме. Қос аймақтың басшысына мол ақпар ұсынылды. Ұлытаулықтар энеолит дәуіріндегі дүниелерді көріп, таңдай қақты.

Әрі қарай меймандарға ауданда туризм саласында атқарылған және атқарылатын маңызды жобалар көрсетілді. Барлық жұмысты облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов баян етті.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, облыс әкімінің орынбасары:

– Имантау-Шалқар туристік аймағы елімізде үздік ондыққа кіреді. Аумағы 134 мың гектарды құрайды. Мұнда 44 демалыс орны бар. Оның 8-і жыл бойы жұмыс істейді. Қазір 4 жаңа нысан салудамыз. Жобалардың әрқайсысының құны – 250-300 млн теңге. Әр орын 10 адамды жұмыспен қамтитын болады. Демалушыларға бар жағдайды жасаймыз. Сонымен қатар, ендігі жылы Шалқар көлінің маңынан шипажай ашылатын болады. Нысанға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Адамдарға тез жетуі үшін жолдарды жөндедік.

Айыртау – сал-серілердің де мекені. Шара соңында талай талант өмірге келген жерде қонақтар үшін концерт ұйымдастырылды.

 

Нұрасыл Ахмет