Sailau banner

Қоғам

Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып лагерь ұйымдастырылды

Әдетте лагерьде балалар бас қосады, ал сенбіде «Достық» атты демалыс орнында мүмкіндіктері шектеулі жандар жиналды. Олар үшін «Мүмкіндіктерге қадам» жобасы аясында 2 күндік іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар Бескөл, Мамлют және Есіл ауданынан келді.

АҚЖАН КӘРІМ, “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” ЗТБ директоры:

– Біздің басты міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға жақындату. Іс-шара барысында қатысушылар тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да биік белестерді бағындырған жандармен таныса алады. Бұл арқылы адамдарда еңбек етуге құштарлық ашылады. Қала мен ауыл арасында алшақтық болмас үшін ауылдық тұрғындарға көбірек көңіл бөлеміз.

Шарада алдымен психолог қатысушыларды бір-бірімен таныстырды. Содан кейін іштеріндегі сенімділік пен құштарлықты арттыру үшін түрлі ойындар мен шеберлік сабақтары өткізілді. Мұндай қадам қатысушыларды бір-бірімен достастырды. Бұндай көрініс көз сүйсіндіреді.

ТЕҢДІК ОСИПОВА, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үйде отырып қалмасын деп әр нәрсеге үйретіп жатыр. Жақында ауданымызда хош иісті шырақтарды және сабын қайнату бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Ақжан Кәрім және оның командасына алғыс біліремін. Олар ауа райына да қарамай бізді осы жерге алып келді.

Ақжан Кәрім бастаған жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар жақын арада қаламыздың ойын-сауық орталығында ауқымды көрме өткізуді жоспарлап отыр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің шеберліктерін көрсете алмақ.

 

Анель Шаяхметова