Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Нашақорлыққа жол жоқ!

Демалыс күні қалалық полиция басқармасының алдында полицейлермен бірге жастар сапқа тұрды. Миссия маңызды. Олар облыс орталығында көзге көрінетін-көрінбейтін жерлерде самсап тұрған зиянды жазбаларды жою. Наша алатын жерді сілтейтін жазу көп жағдайда үй қабырғаларына жазылады. Осы ретте нашақорлықпен күрес тобына бағыт-бағдар берілді. Ақжелен Қошегалина – волонтер. Белсенді жас қатарластарының арасында салауатты өмір салтын насихаттайды.

АҚЖЕЛЕН ҚОШЕГАЛИНА, волонтер:

– Наркотик деген – өте зұлым нәрсе. Негізі, наркотик қолданатын адамдар – өмірден түңіліп, мәселелері көп адамдар деп ойлаймын. Біз полиция қызметкерлерімен бірге жақсы іс жасаймыз деген ойдамын.

Мамандардың айтуынша, сайттарда отырып есірткі сататын жандардың көбі – жастар. Бұған жол бермеу керек делінді сап түзеу барысында.

МАКСИМ ДОРОВИК, облыстық прокуратура департаменті бастығының орынбасары:

– Есірткі сатылатын жерді нұсқап тұратын сілтеме-жазбалар жиі кездеседі. Ол кез келген жерде жазылып тұруы мүмкін. Бұл жазу түзу жолмен жүретін адамның да қызығушылығын тудыруы ықтимал. Сол себепті, осындай акцияларды жиі өткізіп, ондай зиянды жазбаларды өшіріп отыруымыз керек.

Бағыт-бағдар беріліп, полицейлер мен жастардан құралған топтар әр ауданға тарап кетті. Қаланың түкпір-түкпірін барынша аралап, жолда кездескен сілтемелерді оқылмайтындай етіп үстінен бояп тастайды. Оған қоса “Нашақорлыққа жол жоқ!” деп жазып береді.

 

Мәдина Қаби