Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында Ираннан келген қандас өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Нәжіп Қазақ отбасымен бірге Қазақстанға 4 жыл бұрын көшіп келген. Өзі – Иран Республикасының тумасы. Сол жақта туып-өскен. Төрт баласы бар. Көпбалалы отбасы Николаевка ауылына көшіп келгеннен кейін бір жылдан соң мемлекеттен қайтарымсыз грант алыпты. 1 млн 400 мың теңгеге шлакоблок құятын техника алып, 3 жыл бойы жеке кәсібін домалатып отыр.

НӘЖІП ҚАЗАҚ, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Соны өзім әкеліп, іздестіріп жасадым. Кейін ақырындап қора салдым. Кейін күн суыған уақытта оған малдарымды қамадым.

Азамат аяққа тұрғаннан кейін, араға бір жыл салып, жинаған ақшасына 2-3 бас қара мал алған. Ай сайын сиырларының санын көбейтіп, қазір 40-қа жеткізіп отыр. Олардың барлығы жаз бойы жайылымда болады. Күн суытқан кезде қораға қамалады.

НӘЖІП ҚАЗАҚ, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Үш малдай алдық. Бір малды жемге қойдық қыста. Кейін оларды тамақтандыруға аудан әкімдігі әйеліме және маған бір-бір гектардан жер берді. Осы жылы шөп шауып алдым. Бірақ, көп болмады, аз ғана шықты.

Мұндай гранттарды кез келген отбасы ала алмайды. Нәжіп Қазақ көпбалалы отбасы болғандықтан мемлекеттен осындай қаржылай көмек алған.

ҚАСЫМ СЕЙТЕНБЕТОВ, Есіл ауданы “Мансап” орталығының директоры:

– Қайтарымсыз гранттар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана беріледі. Оған көпбалалы отбасылар, мүгедек бала бағып отырғандар, мүгедектігі бар кісілер және қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады.

Қасым Сейтенбетов өткен жылы берілген грант көлеміне де тоқталды.

ҚАСЫМ СЕЙТЕНБЕТОВ, Есіл ауданы “Мансап” орталығының директоры:

– 24 грант бөлінді. Ауылды жер болғандықтан, басым бөлігі малмен айналысады.

24 гранттың 4-еуін Николаевка ауылындағы қандастар мен қоныс аударушылар алған. Биылға әзірге ешкім өтінім түсірмеген.

Мәдина Қаби