Sailau banner

Қоғам

Тамыз конференциясы

Digital Kazakhstan: жаңа шындықтағы білім. Осындай атаумен Оқушылар сарайында педагогтердің тамыз конференциясы өтті. Жиын барысында ұстаздар қауымы өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы жоспарларын талқылады.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Жалпы, тамыз конференциясы аясында 300-ден астам оқушыны қамтыған 10 панельдік секция отырысы өтті. Өңірдің білім беру жүйесінде биыл ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарылды. Қолжетімді білім беру бағдарламасы бойынша, инфрақұрылымды дамыту жөнінде жол карталары қабылданды. Облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрі арасында тиісті жол картасына қол қойылды.

Педагогтердің тамыз конференциясына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Марат Иманбайұлы саланы тұрақты түрде және жеткілікті көлемде қаржыландыру мектеп инфрақұрылымының дамуына ықпал еткендігін айтты. Биыл бұл бағытта бөлінетін қаражат 18 млн теңгеге ұлғайған.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Білім саласының дамуы тікелей білімгердің еңбегімен байланысты. Мемлекет ұстаздарға қолдау көрсетіп, бастамаларын үнемі қолдап отырады. Облысымызда білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Білімді ұрпақ – еліміздің болашағын айқындайтын негізгі фактор. Бұл – ұстаздарға жүктелген зор міндет.

Өңірде 17 мың педагог жұмыс істейді екен. Оның жартысынан астамы ғана педагогикалық шеберлік категориясын иеленген. Тамыз конференциясында осындай жиындар мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуға ықпал етеді делінді. Жалпы, бүгінгі жиынға 200-ге жуық адам қатысты. Тағы 250-і онлайн форматта қосылды. Мұнда өз ісінің жілігін шағып, майын ішкендер де, жас мамандар да бар. Талғат Ілиясов Искра орталау мектебіне жетекшілік етеді. Білікті маманның айтуынша оқушының білімін арттыруда қазіргі заманда сандық технологияның алатын орны зор.

ТАЛҒАТ ІЛИЯСОВ – Искра орталау мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Осындай үлкен іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені, цифрлық инновациялар қазіргі заманымызға сай мектептерге енгізілуде. Мектептің базасы жаңартылуда. Облысымыздың үлкен жетістіктерге жетіп жатқанына өте қуаныштымын.

Конференция аясында көрме ұйымдастырылды. Оның барысында педагогтер цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру процесіне кіріктіру туралы ойларын білдірді.