Спорт

Спорт саласының мамандары марапатталды

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні. Мерекеге орай Жастар сарайында сала өкілдері бас қосты. Спортшылар мен жаттықтырушыларды, спорт нысандарының қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтап, қызметтерінде табыс тіледі.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:

– Алдағы уақытта бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Осы жолда сарқылмас қуат, денсаулық, шығармашылық шабыт тілеймін. Алдағы халықаралық жарыстарда көк туымыз биіктен көріне берсін.

Іс-шара барысында Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды. Бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Олжас Ахметжан – Құрмет грамотасын алған жандардың бірі. Кезінде күрестің түр-түрімен айналысқан білікті маман қазір білдей бір спорт орталығына жетекшілік етеді. Қаншама шәкірт тәрбиелеген азаматтың айтуынша, көп жылғы еңбек еленіп жатыр.

ОЛЖАС АХМЕТЖАН, БЖСМ-мен жұмыс жөніндегі облыстық дене шынықтыру-спорт орталығының басшысы:

– Өз жолымды әдіскерден бастадым. Бүгін әкімшілікке осындай іс-шара өткізгені үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Өзім грек-рим күресімен, еркін, қазақша күреспен айналыстым.

Виктор Бондаренко – спорт саласының ардагері. Кезінде конькимен жүгірумен айналысқан білікті жаттықтырушының айтуынша өңірде спорттық инфрақұрылым жақсы дамып келеді.

ВИКТОР БОНДАРЕНКО, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Елімізде соңғы жылдары спорт қызу қарқынмен даму үстінде. Аудандарда спорт кешендері салынып жатыр. Бұл бұқаралық спорттың да дамуына ықпал етеді. Облыс орталығында үстел теннис кортының құрылысы жүріп жатыр. Бұл – құптарлық жайт.

Шара мерекелік бағдарламамен аяқталды.

 

Анель Шаяхметова