Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облыстары арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды

Өңірге Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы келді. Аталған аймақ басшысын Ғауез Нұрмұхамбетов күтіп алды. Қос облыс әкімі барған ең бірінші нысан – Оқушылар сарайы. Мұнда олар заманауи құрылғылармен жабдықталған оқыту бөлмелерін қарады. Әр кабинетке бас сұғып, білім мен өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысқан Берік Әбдіғалиұлы оң бағасын берді. Алдағы уақытта өзі жетекшілік етіп отырған өңірде де осындай нысан ашуды жоспарлайтынын айтты.

Ғауез Нұрмұхамбетов пен Берік Әбдіғалиұлы барған келесі нысан – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры. Аталған мәдениет ордасы облысымызға ғана емес, бүкіл республикаға танымал. Актерлері түрлі халықаралық сайыста жеңімпаз атанған. Өнер ұжымы жаңа ғимаратқа 2 жыл бұрын көшіп келді.
Ұлытау облысының құрылғанына да 2 жыл толып отыр. Аталған өңір жетекшісі бізден үйренері көп екенін және осы сияқты жобаларды қолға алатынын жеткізді.

Содаң соң қос аймақтың өкілдері облыстық әкімдікке жиылды. Басқосу шымылдығын өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Іс-шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту. Бүгін сол мақсатта меморандумға қол қойылатын болады.

Кейін сөз Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлына берілді. Кезінде үш жүздің басы қосылған өлке басшысы теріскейдің қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, іс-сапар барысында біршама тәжірибе жинақтағанын айтты.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Ұлытау облысының әкімі:

– Облысымыз үлкен емес. 2 аудан мен 3 қаладан тұрады. Бірақ, жер көлемі жағынан республика бойынша 5-ші орындамыз.

Келген меймандарға өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктері жіпке тізілді. Жиын соңында екі облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары өзара ынтымақтастық мен тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойды.

АЛМАТ ЖӨКЕБАЕВ, “Ұлытау ӘКК” АҚ басқарма төрағасы:

– Өңірімізде жаңа жобаларға қажеттілік бар. Меморандум арқылы сол олқылықтарды түзетуге тырысамыз. Жаңа жобаларды көріп, тәнті болдық және тәжірибе алмастық. Енді осының барлығын облысымызға барып қолданамыз.

Екікүндік сапары аясында Берік Әбдіғалиұлы теріскейдің басқа да аудандарына барады.

 

Нұрасыл Ахмет