Sailau banner

Қоғам

Петропавлда 314-атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткіш көшірілмек

Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы алғашқы мәселенің аса маңызды екендігін бекерден-бекер айтқан жоқ. Отты жылдары облыс орталығында құрылған 314-атқыштар дивизиясын көпшілік біледі. Көзсіз ерлігінен де хабардар. Өкінішке қарай, толарсақтан саз, тізеден су кешкен майдангерлерге арналған ескеркіштің қай жерде тұрғанын бәрі бірден еске түсірмейді. Оны халық көп жүретін орынға қою керек. Бұл – бірінші кезекте жауынгерлерге деген құрмет, екіншіден, жастар жағы нағыз батырларды білуі тиіс.

ӘЙГЕРІМ НАУРАЗБАЕВА, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі секторының меңгерушісі:

– Қалалық әкімдікке ескерткішті өзге орынға көшіру жайлы өтініш түсті. Бұл ескерткіш 2008 жылы Жеңістің 63 жылдығы аясында ашылған.

Ескерткіш “PLAZMA” ойын-сауық орталығы маңында орналасқан. Бұл аумақ “Big BEN” серіктестігіне тиесілі. Қазіргі таңда аталған ұйым Абай мен Мағжан Жұмабаев көшелерінің қиылысында саяжол тұрғызып жатыр екен. Сол жерге ескерткішті өз есебінен көшіріп бермекші. Ниет танытушы жандардың көздегені – болашақта төңіректі пайдалану әрі тағзым ету орнын жастарға жақындату. Бірақ, бұл ұсыныс қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Көшелердің қиылысы өте тар, салтанатты жиындарда адам сыймауы мүмкін. Осыны алға тартқан белсенділер пікірді жаңбырша жаудырды.

Талқылау соңында кеңес мүшелері дауыс берді. Олардың көпшілігі ескерткіштің өзге орынға көшірілгенін қалайды. Енді тараптар шаһардың басқа аудандарын қарастырмақ. Жалпы, қалалық қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысында 5 мәселе қаралды.

 

Байболат Құлтанов