Sailau banner

Қоғам

Әуежай тынысы

Бұл – Қызылжар Халықаралық әуежайы. Нысанда 100-ден астам адам аянбай еңбек етеді. Тіпті, Кеңес үкіметі кезенінен жұмыс істейтін жандар да бар екен. Соның бірі – Евгений Аненков. Білікті маманды ардагер деп айтсақ артық болмас. 70-ті алқымдап қалған жанның әуежайда қызмет етіп келе жатқанына 45 жыл болыпты.

ЕВГЕНИЙ АНЕНКОВ, азаматтық авиация саласының ардагері:

– Мына қызыл жолақтарда кезінде Петропавлдан қай қалаларға ұшқанымыз көрсетілген. Біз 90-шы жылдары әуе кемесімен Қазақстанның барлық шаһарын аралап қана қоймай, Ресейдің Сочи қаласына дейін баратынбыз. Мен өзім аптасына 1 рет шет мемлекеттерге барып тұратынмын. КСРО-ға кірген барлық елдерді аралап көрдім.

Әуежайда музей барын біреу білсе, біреу білмес. Ішіне кірсең құдды бір өткенге түскендей боласың. Себебі, бұл жерде қаншама көненің көзі сақталған. Ең алдымен, бөлмеде көзге түсетіні – алып карта. Евгений Аненковтің сөзінше, өткен ғасырда жергілікті әуежай арқылы адамдар одаққа кіретін 15 елдің барлығына қас пен көздің арасында бара алған.

ЕВГЕНИЙ АНЕНКОВ, азаматтық авиация саласының ардагері:

– Әуежайда 1979-шы жылдан бастап жұмыс істеймін. Біздің кезімізде барлығы Юрий Гагарин құсап ұшқыш болуды армандайтын. Сол себепті, осы жұмысты таңдадым. Өзім Ресейдің Санкт-Петербор қаласында оқыдым. Жұмысым өте қауіпті. Ұшақтың ішіндегі адамдардың қауіпсіздігіне жауап беремін. Өздеріңіз білетіндей, біздің жұмыс қателікті кешірмейді.

Бұл – ардагердің бұрынғы жұмыс орны. Евгений Аненков осы жерде отырып-ақ көктегі ұшқышпен тікелей байланысқа шыққан.

ЕВГЕНИЙ АНЕНКОВ, азаматтық авиация саласының ардагері:

– Авиацияда жұмыс істегеніме еш өкінген емеспін. Былтыр ғана зейнетке шықтым. Қазір диспетчер болып қызмет атқарамын. Әрине, үйде отырып демалуыма да болушы еді. Бірақ, жұмысқа үйреніп қалғанмын. Жарты ғұмырым осы әуежайда өтті десем артық айтқандық емес. Менің ойымша, авиация – ер адамдар үшін ең қиын жұмыс. Қазіргі жастар бізге көп келе бермейді. Сондықтан да әуежайда кадр жетіспеушілігі бар.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Біз қазір әуежайдың мұнарасында тұрмыз. Мұнда жұмыс істейтін диспетчерлер- ұшқышпен әрдайым тікелей байланыста. Яғни, әуе кемесінің қауіпсіздігіне осы жандар да жауапты. Қазір білікті мамандар Шымкенттен келетін ұшақты күтуде.

Әуежай мұнарасында жұмыс істейтін жандар ағылшын тілін жетік білуі міндетті. Себебі, білікті мамандар ұшқышпен тек шет тілде сөйлесуі тиіс. Бұл бөлме соңғы талаптағы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қызметкерлер осы жерден барлық бағытта ұшып жүрген әуе кемелерін көріп қана қоймай, ұшақ рөлін тізгіндеген жанға алдында қандай кедергілер бар екенін айта алады. Аталған жұмыс асқан ұқыптылықты талап етеді.

Әуежайда синоптиктер де жұмыс істейді. Олар диспетчерлерге бір күндік ауа райын баяндап отырады.

ІҢКӘР ЕСКЕНДІРОВА, Қызылжар халықаралық әуежайының синоптигі:

– Әр күн сайын алдағы 9 сағатқа ауа райын болжам отырамыз. Әуе кемесінің ұшу-ұшпауы бізге байланысты.

Қызылжар Халықаралық әуежайы арқылы теріскейліктер ел мегаполистеріне, яғни Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қас пен көздің арасында жете алады. Еске сала кетейік, ұшақтар елордаға күнде, оңтүстік астанаға аптасына 5 рет, шырайлы Шымкентке 2 рет қатынайды. Әуежай директоры Уәлихан Жылыспаевтің айтуынша, әуе көліктері келіп қонатын нысанда соңғы жылдары бірқатар жұмыс жүргізілген.

УӘЛИХАН ЖЫЛЫСПАЕВ, “Қызылжар Халықаралық әуежайы” ЖШС директоры:

– Әуежайдағы ұшу жолақтары барлық халықаралық стандарттарға сай. 2022 жылдан бастап нысанды толықтай жаңа техникалармен қамтамасыз еттік. Адамдарға да бағаны қолжетімді қылдық. Бұның барлығы мемлекеттік көмек арқылы жүзеге асты. Алдағы уақытта “Алматы-Петропавл” бағытында қатынауды жиілетпекшіміз. Қала тұрғындары мен қонақтары Астанаға – 15 мыңмен, ал Алматыға 30 мың теңгемен жете алады.

Алдағы уақытта шет мемлекеттерге рейстер ашылуы мүмкін.

 

 

Нұрасыл Ахмет