Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Теріскейге Ұлытау облысынан делегация келді

Облысымызға Ұлытау облысынан делегация келді. Қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қарсы алды. Басты мақсат – теріскейдің тәжірибесін қағазға түртіп алып, өздерінде қолға алу. Келген меймандар ең алдымен Тайынша ауданындағы “BioOperations» серіктестігіне барды. Мұнда аймақтық агроқұрылымдардың басшылары жиылып, өздерінің өнімдерін көрсетті.

ШИНАЗБЕК БАЛҚЫБЕК, “Элеватор Тайынша” ЖШС директоры:

– Өндіріс орнының сыйымдылығы – 118 мың тонна. Күніне 2 мың тонна астық қабылдай аламыз. Зертханамыз бар. Кәсіпорында 187 адам еңбек етеді.

Содан соң келген меймандар Аққайың ауданына ат басын бұрды. Бұл – Аралағаш ауылындағы “Северный бройлер ”серіктісі. Құс фабрикасы 2022 жылы ашылыпты. Жоба құны – 5 млрд 469 млн теңге. Құрылымнан былтырғы жылы 1750 тонна ет өндірілген. Ұлытаулықтар нысан ішін аралап, атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Жаңа жобаға он бағасын берді.

СЕРГЕЙ ДОМАЕВ, “Северный бройлер құс фабрикасы” ЖШС директоры:

– Ресейдің Калининград қаласынан протеин аламыз. Тиісінше, оларды құстарға жемге араластырып береміз. Соның арқасында олар тез уақытта өседі. Біз өнімдерімізді Ресей, Польша, Бельгия елдеріне экспорттаймыз. Жыл сайын мемлекеттен қаржы аламыз. Соның арқасында шаруашылығымыз дамып, гүлденіп отыр. Алдағы уақытта сіздермен бірге жұмыс істеймін деген ойдамын. Есігіміз әрдайым ашық.

Үш жүздің басы қосылған өлкеден келген қонақтардың барған келесі нысаны “Иван Зенченко” серіктестігі болды. Агроқұрылым жылына 6000 тонна сүт өндіре алады. Шаруашылық 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зенченко өнімдері танымал әрі сұранысқа ие. Елдегі біраз сауда орнында сатылады. Келген меймандар өздері тұтынып жүрген азық-түліктің әзірленуін көріп, таңдайларын қақты.

АЛМАТ ЖӨКЕБАЕВ, “Ұлытау” ӘКК” АҚ басқарма төрағасы:

– Ертең екі тарап меморандумға қол қояды. Алдағы уақытта сіздерден алған тәжірибемізді өз өңірімізде қолданатын боламыз. Маған ұнады. Сіздердің масштабы кең жобаларынызды көріп тәнті болдым.

Аққайың ауданына табан тіреп, Дайындыққа аяқ баспау мүмкін емес. Себебі, бұл елді мекен өңірге ғана емес, бүкіл елімізге танымал. Ұлытау облысынан келген жандарды ауылдың іскер азаматы Біржан Шаймерденов күтіп алып, “Дайындық” серіктестігіне қарайтын тауарлы-сүт фермасының жай-күйімен таныстырды. Жалпы, шаруа қожалығында 1200-ге жуық симментал тұқымды сиыр бар. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. Серіктестікте 35 адам аянбай еңбек етеді. Әрқайсысының жалақысы 230 мың теңгені құрайды.

Дайындық – өлкеміздегі бетке ұстар елді мекендердің бірі. Біржан Әбділманапұлының қолдауының арқасында ауыл 30 жылдың ішінде адам танымастай өзгерген. Ұлытаудан келген меймандар егін алқабындағы ору жұмыстарын көрді және теріскейдің әсем табиғатын аралады. Содан соң, тарихи өлкеден келген жандар ауыл ішіндегі ғимараттарды аралады. Жаңадан салынып жатқан нысандарды көріп, таңданыстарын білдірді.Ұлытаудан теріскейге 22 білікті маман келді. Енді олар Қызылжар ауданы Чапаев ауылындағы “Қызылжар Сүт” серіктестігінің тыныс-тіршілігімен таныспақ