Sailau banner

МТРА жаңалықтары

Шарық қоймасынан су алар диқан табылмай отыр

Өңірде егіншіліктің суармалы түрі дамып келеді. Иә, биыл тіршілік көзіне деген тәуелділік байқалмайды. Өңірімізде жиі жаңбыр жауып, көптің тілеуі орындалды. Алайда, келер жылды болжау мүмкін емес. Маусымда тамшы тамбай, шіліңгір шілде мазаны қашырса, тамыз бен қыркүйекте еңсе түсері түсінікті. Сондықтан, алқаптарды суару ісін мықтап қолға алу керек. Осы орайда Ғабит Мүсірепов ауданында Шарық атты қойма бар. Өкінішке қарай, қазір оның суын пайдаланар адам жоқ.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры:

– Суармалы егіншілікпен айналысатын диқандар табылмай отыр. Егер табылып жатса назар аударылады. Су қоймасын жаңғыртуға дайынбыз. Қазіргі таңда су қоймасына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Осыдан ондаған жыл бұрын Сергеев қоймасынан канал арқылы су алынған. Оның ұзындығы бақандай 65 шақырым болыпты. Яғни, маңайдағы алқаптар емін-еркін суарылған. Ал қазір тіршілік көзі таяқ тастам жерге де жетпейді. Биылғы көктемдегі көрсеткішті ескерсек, табиғаттың үлкен сыйы пайдаға аспағанын ұғынамыз. Болашақта жағдай өзгеруі мүмкін. Бүгінде азды-көпті шаруа басталыпты.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры:

– Қазір бұған Шал ақын ауданындағы серіктестік қызығушылық танытып отыр. Әзірге құжаттама жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын ол каналдың бойында 3,5 мың гектар суармалы жер болған.

Баспасөз конференциясы барысында филиал директоры Шұғайып Ибатулин су қоймаларының барлығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын, алаңдарлық мәселе жоқтығын айтты.

 

Байболат Құлтанов