Sailau banner

ТЖ

Өрт сөндірушілер пештердің жай-күйін тексерді

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, полицейлер мен волонтерлер. Бұлардың барлығы бүгін бір алаңда сап түзеді. Иық тірестірген жандарға маңызды міндет жүктеліп отыр. Олар үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Бірінші кезекте үйлердегі пештерге баса мән беру керек. Онда жарықтар болмауы тиіс. Сонымен қатар, алдында қаңылтыр төселуі міндетті. Бұл еденге түскен шоқтың әрмен қарай өртке ұласуына жол бермейді. Мұржалардың тазалығына да назар аударамыз. Түптеп келгенде бұлардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.

Нұсқаулық алған азамат-азаматшалар топтарға бөлінді. Олар қаланың аудандарын аралады. Бұл – Береке ықшам ауданындағы Сенная көшесі. Өкінішке қарай, мұндағы жағдай мәз емес. Алаңсыз тұрғындар қылышын сүйретіп жетер қысқа әлі қамданар емес. Пештері де дайындалмаған.

Рейд барысында мамандар тағы бір үйге бас сұқты. Мұндағы жағдай тіпті алаңдатады. Үй қысқа дайын емес, ал тұрғындар алаңсыз. Құтқарушылар бірнеше ескерту жасады.

Рейд барысында үйлерге түтін датчиктері орнатылды. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясындағы шара мұнымен аяқталмайды. Мамандар маңызды маусым қарсаңында жиі басып, тұрғындармен кездесуді, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарға енгізіп отыр.