Sailau banner

МТРА жаңалықтары

Кәсіпкер тасқыннан зардап шеккен нысанын қалыпқа келтіріп жатыр

Станислав Степанов – құрылысқа қажет газоблок жасаумен айналысады. Өзі Хромзауыт кентінде тұрады. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына бір жарым жылдай болған. Бірақ, осы көктемде алапат тасқын күллі кәсіптің күл-талқанын шығарып, құрылыс материалдарын шайып кеткен. Су оның жұмыс орнына да, үйіне де жеткен. Тілсіз жау нысан ішінде 4 метрге дейін көтерілген екен. “Кәсібім енді ғана қарыштап келе жатқанда тасқын бір сәтте барлық жоспарды бұзды”,- дейді іскер азамат. Қаншама еңбектің далаға кеткеніне қарамастан қазір нысанын қалыпқа келтіріп жатыр. Шілде айының соңында мемлекеттен қаржылай көмек алып, қызу іске кіріскен.

СТАНИСЛАВ СТЕПАНОВ, Хром зауыты кентінің тұрғыны:

– Жұмысты екі апта бұрын ғана бастадым. Әзірге, электр жүйесін, есік-терезелерді ғана дұрыстадым. Терезе әйнегін өткен жылы ғана салып едім, су келгенде бәрі сынып қалды. Қалыпқа келтіру жұмысына 58 млн теңге бөлініп отыр. Есепшотқа әзірге жартысы келіп түсті. Негізі, кәсібім тасқынға дейін әжептәуір алға басып қалып еді. Жаз кезінде сұраныстың артатыны соншалық, үлгермей жатамыз. Биыл саудамен емес, жөндеумен айналысып жатырмыз. Үйім өндіріс орнының жанында орналасқан. Өзіме өте ыңғайлы жер, ешқайда көшкім келмейді.

 

Мәдина Қаби