Sailau banner

Спорт

Теріскейлік шабандоздар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалуда

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Атақты Құлагердің топырағы тиген топырақта аузымен құс тістейтін жүйріктердің болмауы мүмкін емес. Қуанышымызға орай, біздің шабандоздар тұяқтыларды баптап, даярлап жатыр. Соның бірі менің қасымда тұр. Оның лақап аты – Аквамарин. Жақында ғана Алматыда өткен додада үздік атанды. Осылайша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу мүмкіндігін иеленді.

Аквамарин – Жорға жарыстың жүйрігі. Үздіктердің үздігі жиылған Алматыдағы іріктеу кезеңінде теріскейлік Евгений Чибисов тізгіндеген тұлпар қарсыластарын шаң қаптырды. Құйрық-жалы таралған, ащы тері әбден алынған сәйгілік қыркүйекте тағы додаға түседі. Бұл жолы оның тілеуін күллі Қазақстан тілемек.

ЕРЖАН МОЛДАБАЕВ, Ат және ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық БЖСМ директорының орынбасары:

– Дайындық жүріп жатыр. Бескөлде дайындалады, сыртқа шығады. Евгений Чибисов – шабандоз әрі бапкері. Тәжірибелі жігіт.

Күллі көрерменді тік тұрғызып, қол соққызған тұлпардың лақап аты – Қамысқұлақ. Ол да Солтүстік Қазақстан облысының тұлпары. Алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Құнан бәйгеде ел намысын қорғайды. Қазір Қуаныш Шахамбаевтың жетекшілігімен дайындалып жатыр. Білікті маман Жамбыл облысынан арнайы шақырылыпты.

ҚУАНЫШ ШАХАМБАЕВ, ат бапкері:

– Екі жастағы ат. Франциядан келген. Қаңтар айынан дайындалып жатыр. Іріктеу кезеңіне қатысып, Қамысқұлақ бірінші келді. Іріктеу жарысы Павлодар қаласында өтті. Аттар 10 шақырымға шапты.

Қамысқұлақ – өте қызуқанды жануар. Үнемі ауыздықпен алысып тұрады. Осы мінезінің арқасында да жануар олжалы болып жүр.

ҚУАНЫШ ШАХАМБАЕВ, ат бапкері:

– Мінетін арнайы балалар бар. Таңғы 6-да мініп, жаттығуға шығады. Арнайы режим бар. Күнде 10 шақырымға шабады.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-14 қыркүйек аралығында өтеді. Додада 100-ден астам мемлекеттен келетін 4000-ға жуық адам спорттың бірнеше түрі бойынша бақ сынайды.

 

Байболат Құлтанов