Sailau banner

Қоғам

Николаевка ауылында тасқыннан зардап шеккен 6 отбасыға баспана берілді

«Басқа баспана, басқаша өмір»,- дейді ерлі- зайыпты Патуманидилер. Қос балалалы отбасы – көктемде алапат тасқыннан зардап шеккен жандардың бірі. Қиын жағдайда қалған жанұя құтқарылды. Оларға осыған дейін тұрып келген Николаевка ауылының басқа жерінен баспана берілді. Жаңа қонысқа көшкендеріне бір-ақ апта болған.

ВЛАДИМИР ПАТУМАНИДИ, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Әзірге, ұнап жатыр. Іші кең әрі жарығы мол екен. Бұрынғы үйіміз қамыстан жасалған еді, мынау кірпіштен қаланыпты. Бізге осынысымен ұнады. Біртіндеп жиһаз алып, орналастырып жатырмыз.

4 бөлмелі үй 4 млн теңгеге бағаланыпты. Баспана жергілікті әкімдіктің қолдауымен сатып алынған. Жалпы, Николаевка ауылында 1200-ден астам адам тұрады. Соның 24-інің үйін тасқын кезінде қалың су басты. Олардың барлығы шеткі көшеде орналасқан.

ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, Николаевка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Осы 24 үйдің ішінен 6 үй жөндеуге жарамайды деп танылды. Кейін оларға ауылдың ішінен үй сатып әпердік. Барлық ақшалай көмектер уақытылы беріліп отырды.

Ал жөндеуге жарамды деген үйлердің барлығы қалпына келтірілген.

 

Мәдина Қаби