Sailau banner

Экология

“Қызылжар” орман шаруашылығында “Жасыл ел” жасағының 16 сарбазы еңбек етуде

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Біз қазір “Қызылжар” орман шаруашылығында тұрмыз. Мұнда “Жасыл ел” жасағының сарбаздары аянбай тер төгуде. Оларға жүктелген міндет – жан-жақтың тазалығын қадағалау, өсімдіктерді суару, арамшөптерді жұлу және т.б.

Альмира Мұхамеджанова биыл М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 2-ші курсын тәмәмдапты. Нәзікжанды табиғаттың көркеюі мен тазалығының сақталуына өзінің аз да болсын үлесін қосқысы келеді екен.

АЛЬМИРА МҰХАМЕДЖАНОВА, “JE SKO штабы” ҚБ жасағының сарбазы:

– “Жасыл ел” жайлы достарымнан естідім. Маған мұнда ұнайды. Келесі жылы да осы жерге жұмыс істеуге келемін.

Қазіргі таңда жастардың тең жартысы қолдарына кетпен ұстап, қарағай маңын қаулап кеткен арам шөптен тазартуда. Ал қалғандары жұлынған өсімдікті жинап жүр. “Қызылжар” орман шаруашылығында 16 жас еңбек етуде. Әрқайсысы айына 85 мың теңге алады. Барлығы толығымен арнайы киім-кешекпен қамтылған. Жұмыс кестелері таңғы 9-дан басталып, кешкі 6-ға дейін жалғасады. Арасында 1 жарым сағат тынығуларына уақыт беріледі.

ВЯЧЕСЛАВ САЛТЫКОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының орманшысы:

– Белсенді жастардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 4 бала бар. Тиісінше, оларға ауыр жұмыс істетпейміз. Былтыр бізде 14 адам болған. Биылғы жылы одан көбірек. Негізінен, “Жасыл ел” сапында 16 мен 35 жас аралығындағы кез келген азамат жұмыс істей алады. Жұмыс айтарлықтай қиын емес, ұжымымыз бір-бірімен тату.

Жұмыс шілде айында басталуы керек болатын, бірақ, белгілі бір себептермен тамыз айында басталған. Қазіргі таңда облыс бойынша “Жасыл ел” жасағында 860 жас еңбек етуде. Олардың көбі М.Жұмабаев ауданында жүр. Аты аталған бағдарламаға облыстық бюджеттен биыл 70 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті.

 

Нұрасыл Ахмет