Sailau banner

Білім

Болашағына сеніммен қарайтын азаматшаларға арналған шара

Мына жерге болашағына зор сеніммен қарайтын петропавлдық нәзікжандылар жиналған. Олардың арманы асқақ, мақсаты айқын. Білгенім бір тоғыз деп санайтын азаматшалар өзара пікір алмасқысы, өзге дүниелерді үйренгісі және өздерін түрлі салада сынағысы келеді. Көздерінде от бар. Ұйымдастырушылар сол жалынды лаулатуға ниетті. Сәбина Оспанова – бүгінгі жиынның модераторы. Өзінің жеке кәсібі бар. Білікті маман бүгін қыз-келіншектерге өз-өзін дамыту, белгілі бір нәтижеге жету туралы айтады

СӘБИНА ОСПАНОВА, модератор:

– Шеберлік сағатын стратегиялық сессия форматында өткіземін. Әңгіме барысында ретроспективті әдіс қолданылады. Яғни, тыңдаушылар өздерінің өткен күндерін, содан кейін қазіргі шақтарын және болашақтарын елестетіп жазады. Алдағы 2-3 айға мақсат құрамыз. Қазіргі жағдайда олардың өздеріне сенімдері жоғары болуы керек, сол бойынша жұмыс істейміз. Бұл келешекте олардың өздерін тұлға ретінде дамытуға серпін береді.

Сырт көзге жай ғана кездесу, жай ғана әңгімелесу болып көрінуі мүмкін. Бірақ, жан дүниесімен түсінген жанға бұл жиының берері мол. Тәжірибеге сүйенсек, осындай басқосулардан кейін өз кәсібін ашқан немесе жұмыс баспалдағымен жоғары көтерілген азаматшалар баршылық. Әйелдердің жаны нәзік болғанымен, іске келгенде болаттан мықты екенін ескерсек, қыз-келіншектер кез келген шаруаны қолға ала алады.

ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, облыстық Азаматтық альянстың төрағасы:

– Егер әйел өзіне сенімді және қаражат жағынан сауатты болса, онда отбасындағы қиындықтары да аз болады. Себебі, жанұядағы жағдай әйелмен тікелей байланысты деп ойлаймын. Осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыру туралы жоспарымыз бар. Жақында “Ең күшті отбасы” байқауын өткізбекшіміз.

Петропавлдық белсенділердің What’s app мессенджерінде топтары бар. Онда әр шеберлік сабағынан кейін пікір алмасу әдетке айналған. Жалпы, наурыз айынан бастап осыған ұқсас 5 шара ұйымдастырылыпты. Оған 100-ден астам қыз-келіншек қатысқан. Дәстүр жалғасын табады. Болашақта аудандардағы әйелдердің басын облыс орталығында біріктіріп, ақыл-кеңес беру, өмірге деген құлшынысты күшейту көзделіп отыр.

 

Анель Шаяхметова