Құқық қорғау органдары

Жаяу жүргіншінің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті – полицейлер

Асыққан адам көшенің кез келген тұсынан кесіп өте салғысы кеп тұрады.
Бұл әрекетімен ол өз өміріне ғана емес, өзгеге де қауіп төндіруі мүмкін. Биыл облыста жаяу жүргіншілердің қатысуымен 53 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 51-і жарақат алған. Көп жағдайда зардап шеккен адам кінәлі деп танылған.

Мамандардың айтуынша жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Қалада көшеде ең көп заңбұзушылық тіркелетін жерлер – “Алтын Арман” мен “Тайга” базарларының маңы. Тәртіп бұзған жандардың көбі асығып тұрғандарын айтып ақталған.

АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Облыс орталығы мен аудандарда “Жаяу жүргінші” жедел-профилактикалық шарасын өткізіп жатырмыз. Оны өткізуге себепші болған жағдай – әр төртінші жол-көлік оқиғасында жаяу жүргінші зардап шегеді. Жолда жүру ережелерін бұзған жандар бірден әкімшілік жауапқа тартылады.

Айта кету керек, өңірде 7 айдың ішінде 4700-ден астам жаяу жүргінші жол-қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Нұрасыл Ахмет